×
524.32
609.05
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.32
609.05
6.52

Чемодан толы миллиондар: Бишімбаевтың анасы қатысқан сотта ақшаның қайдан келгені талқыланды

Бүгін, 09:23
Чемодан толы миллиондар: Бишімбаевтың анасы қатысқан сотта ақшаның қайдан келгені талқыланды
Ulysmedia.kz коллажы

Кемеловтер отбасы сатып алған екі пәтер – бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың отбасына байланысты миллион доллар ісінің жаңа эпизоды болды. Астанадағы ауданаралық қылмыстық соттың отырысында қорғау тарабы Кемеловтар заңды табыс тапқанын, оны банк арқылы дәлелдей алатынын айтты. Ал айыптау бұл мәлімдемені «қоғамды жаңылыстыру» деп атап, қарсы шықты. Ulysmedia.kz процесті бақылап отырды.

Пәтерді қандай қаражатқа алған?

Істегі басты мәселелердің бірі – Кемеловтер отбасының қаржылық мүмкіндігі. Сотта құрылыс компаниясының басшысы Антон Пак жауап берді. Ол 2024 жылдың ақпанында Кемеловтар үш бөлмелі пәтерді 45 млн теңгеге, бір бөлмелі пәтерді 22 млн теңгеге және бірнеше паркинг орнын сатып алғанын растады.

Ақша қалай төленген?

Адвокат Игорь Вранчев Ulysmedia.kz-ке пәтер үшін қолма-қол есеп болмағанын айтты.

– Құжатқа қол қойылды, 45 миллион теңге төленді, екінші пәтер «Отбасы банк» арқылы ипотекамен рәсімделді. Паркингтерді бөліп төлеуге алды, – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, айыпталушы Бекзат Кемелованың жұбайы Қайрат Кемелов сол кезде 93 миллион теңге табыс тапқан. Ал бастапқы жарна зейнетақы жинағынан төленген. Қорғау тарабы Бекзат Кемелованың кәсіпкерлікпен айналысатынын да атап өтті. Оның көкөніс дүкені жылына 70 млн теңгеге дейін табыс түсіретіні айтылды.

Манипуляция ма?

Алайда айыптаушы Ерлан Ғазымжанов бұл уәждерді қабылдамады.

– Кемелова сотта күйеуінің өте көп табыс тапқанын, 93 миллион теңгені қолма-қол алғанын айтады. Бірақ бұл іс материалдарымен толық теріске шығарылды. Ол мұны журналистерге естіртіп, медиада тарату үшін айтады. Бұл – жұртты тағы да шатастыру, – деді ол.

Ғазымжановтың айтуынша, Қайрат Кемеловтің жалақысы картасына аударылған, бұл – ақша қозғалысы туралы деректермен расталады.

– Жалақысы картаға түсіп тұрғанда, ол қалайша қолма-қол алды деп айтуға болады? Бұл – жалған. Бұл – пікірді бұрмалау, – деді айыптаушы.

Көк чемоданға салынған ақша

Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, 990 мың доллар Бекзат Кемелованың туысына Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова берген. Ақша көк чемоданға салынған, тіпті сотқа сол чемоданды алып келген. Қорғау тарабы бұл деректі жоққа шығарып, істі «Кемелованың күйеуі сот сараптамаларын бұрмалауға көмектесуден бас тартқаны үшін кек алу» деп сипаттайды.

Ал айыптаушылардың айтуынша, миллион долларды Кемелова сақтау үшін алған. Бишімбаев ұсталғаннан кейін Анасы Әлмира Нұрлыбекованың өзі 10 желтоқсанда ауыр психологиялық күйде ақшаны тапсырғанын мәлімдеді.

– Бір бумасын ашып, ішінен 10 мың алып қалғанмын. Сотқа 990 мың долларды ғана әкелдім, – деді Нұрлыбекова.

Ulysmedia.kz-ке берген түсініктемесінде Ғазымжанов Кемелованың чемоданды сол күні алып шыққанын жоққа шығармағанын, бірақ оны «жылжымайтын мүлікті заңдастыруға арналған құжаттарды тасу» деп түсіндіргенін айтты.

– Егер шынымен құжат болса, ол 10–15 парақтан аспайды. Оны тасу үшін чемодан керек емес, – деді ол.

Контекст

2024 жылдың көктемінде Бишімбаевтың ата-анасы Кемеловтарға азаматтық талап қойып, миллион долларды қайтаруды сұраған. Бекзат Кемелова айыпты мойындамайды. Іс ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қаралып жатыр. Процесс істің басқа судьяға берілуінен кейін қайта басталған.

2023 жылғы 13 мамырда Астана соты Қуандық Бишімбаевты азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырды. Экс-министр қазір қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтеуде.

Серіктес жаңалықтары