Ақын Бақыт Беделхан қазақ әйелдерін «шынжырынан босаған итке» теңеді. Ол әйел құқығын талап еткен адамдарды психологтардың ықпалына түскендер деп атады. Ақынның бұл пікірі әлеуметтік желіде үлкен сынға ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Журналист, жазушы Қанат Тілеуханның You Tube арнасында ақын Бақыт Беделханның сұхбаты жарияланды. Онда журналист «Қазір бізде қазақ әйелі еркекпен тең құқылы болу керек. Әйел өзін-өзі таңдауы керек. Еркек-еркек деп былай өтпеу керек деген сияқты көзқарастар қаптап кетті. Осы туралы не ойлайсыз?» деп сұрайды. Оған Бақыт Беделхан:
«Шынжырынан босанған ит сияқты бәрі гу ете қалды. Соның кесір-кесапаты тиіп жатыр. Түк сылтау жоқ, мен деген эгоны екті миына», – деді ол психологтарды сынға алып.
Бұдан бөлек, Бақыт Беделхан “тұрмыстық зорлық-зомбылық” туралы заңды да сынай сөйлеген.
«Оның үстіне біздің билік оған мүмкіндік жасап берді. Отбасылық заң шығарып, әйелге ұрысқан, әйелді ұрған еркек жауапқа тартылатын болды. Оларды одан сайын құтыртты», – деді ол.
400 әйелдің өлімі, қатайған заң
Былтыр Қазақстан билігі «әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қорғауға бағытталған» заң жобасын қабылдаған.
Заңға сәйкес, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қылмыстық жаза қарастырылған. Заңдағы негізгі жаңалық ретінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдату және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары айтылған.
Заң бойынша, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамға 200 АЕК (164 доллар) айыппұл я 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу не 50 күнге қамау жазасы тағайындалады.
Ал қол көтерген адамға заңға сәйкес, 80 АЕК (658 доллар) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс я 25 күнге қамау жазасы қарастырылған.
Кейінгі жылдары Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы көп талқыланды.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда «барлық деңгейде фемицид барын» айтады. БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Ал елде әйелге қарсы зорлық-зомбылықтан соң қозғалған істердің 40 пайызы ғана сотқа жетеді.
Былтыр 31 жастағы Салтанат Нүкенованың өлімі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікірталасты күшейтті. 44 жастағы бұрынғы шенеунік Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жолдасы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып, 24 жылға сотталды.
Контекст
Ақын Бақыт Беделхан сұхбатының үзіндісін журналист Қанат Тілеухан Facebook парағына жариялап «Ақын-драматург Бақыт Беделханмен сұхбатым шықты. Біраз мәселелерді айттық. Әйелдер қауымынан қорқып отырмыз» деп жазды. Оның бұл жазбасы әлеуметтік желіде үлкен сынға ұшырады.
«Кешір, Қанат! Бақыт та, оған жел беріп отырған сен де қателестің. Кейбір сұрақтарың әлеуметтік, жыныстық араздық туғызады екен. Ақиқаты, осы подкаст эфирден алып таста. Қасықтап жинаған абыройыңды шөміштеп төктің!», – деп жазды журналист Нұртай Лахан.
Ал журналист Белла Орынбет Бақыт Беделханның пікірі дәлелсіз, манипуляцияға құрылған. Қанат Тілеуханның сұрағы гендерлік теңдікті теріс реңде көрсетуге бағытталған деп жазды.
«Подкаст жүргізіп отырған журналист Қанат Тілеуханның “қазір қазақ әйел еркекпен тең болуы керек, өзін таңдауы керек деген көзқарастар қаптап кетті” деп сұрақ қоюы - гендерлік теңдікті теріс реңкте көрсетуге бағытталған фреймиң. Журналистің бейтарап болу қағидасы қай кезде керек болмай қалып еді? Әлеуметтік жауапкершілікті елемеу - бұл подкастың тағы бір үлкен мәселесі. Сұхбат берушінің дәлелсіз, қауіпті пайымдарын тоқтату, нақтылау, тексерудің орнына журналистің күліп отырғанын көру өту ауыр. Медианың міндеті — осал топтарды қорғау, олардың даусын жеткізу еді. Ал бұл жерде керісінше олар мазаққа айналып отыр», – деді ол.
Бірақ сұхбатта әйелдерге қатысты айтылған пікірді қолдап отырған да желі қолданушылары бар. Олардың көпшілігі You Tube арнасында пікір қалдырған. Бір қызығы, ол пікірлерге арна авторының өзі жауап жазған. Ал Facebook желісіндегі сыни пікірлерге жауап жазбаған.