Қазақстанда жасөспірімдер арасында «көңілді газ» (закись азота) және «карб» деп аталатын карбюратор тазартқыш сұйықтықты иіскеу әдеті кең тарала бастаған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Жамбекқызы ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Аса қауіпті әдет
Насымжан Жамбекқызының дерегінше, кей жеткіншектер қысқа уақыттық есеңгіреу үшін улы заттарды иіскеуге әуестеніп жүр. Алайда мамандар бұл әрекеттің салдары өте ауыр болатынын айтып, дабыл қағуда.
– Бұл заттар оттегінің жетіспеуіне, есінен тануға, тырысуға, тыныс алу мен жүйке жүйесінің зақымдануына алып келетін қауіпті у. Бір рет қолданудың өзі улануға және психологиялық тәуелділіктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін, – дейді мамандар.
Жасөспірімдер мұндай қадамға не үшін барады?
Жамбекқызының айтуынша, көбіне жасөспірімдер өз ортасында қабылдану үшін немесе өзін дәлелдеу мақсатында осындай қауіпті тәжірибелерге барады.
- Бұл – балалардың ішкі жан дүниесінде түсіністік пен қолдауға мұқтаж екенін көрсететін белгі. Сондықтан ата-аналар мен педагогтар баланың мінез-құлқы мен күйіндегі өзгерістерге аса мұқият болуы керек, – деді ол.
Қандай белгілерге назар аудару қажет?
Комитет ата-аналарды мынадай күмәнді белгілерді байқаса, дереу әрекет етуге шақырады:
көңіл күйдің жиі өзгеруі;
киімнен химиялық иістің шығуы;
сөмкеден белгісіз баллондар, бөтелкелер табылуы;
әлсіздік, ұйқышылдық;
ауыз маңындағы қызару.
Бұл – жай шаршау емес, қауіпті әдеттің алғашқы белгілері болуы мүмкін.
Не істеу керек? Қайда жүгіну қажет?
Жамбекқызы ата-аналарға балалармен ашық сөйлесіп, жағдайдың салдарын түсіндіру қажет екенін айтты.
– Алғашқы күмән туындаған сәтте-ақ мектеп мұғаліміне, психологқа немесе психологиялық қолдау орталығына жүгіну керек. Баланы жазғыру емес, қолдау қажет. Өйткені олар – біздің болашағымыз, – деді комитет төрағасы.
Шұғыл жағдайда
Қауіпті жағдай орын алса, тәулік бойы жұмыс істейтін «111» сенім телефонына хабарласу ұсынылады.
- Кешіктіруге болмайды. Себебі бала өмірі – аманат, бала денсаулығы – баға жетпес байлық, – деп ескертті комитет басшысы.