Қазақстанның әр өңірінде 800-ге жуық мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға көшірді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен тұмаудың 2 миллион жағдайы тіркелген. Науқастардың басым бөлігі – шамамен 60-70 пайызы – балалар. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар емханалар мен инфекциялық ауруханалардағы ұзын-сонар кезектерге жиі шағымдануда.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты мектептер бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің нұсқаулығын орындап отыр.
«Ұсыныс бар: мысалы, егер сыныптағы оқушылардың 20 пайызы сырқаттанса, оларды басқа сыныптарға араластырмай, өз орнында қалдыру керек. Ал егер 30 пайыздан асса – қашықтан оқытуға көшіру қажет. Бүгінгі күнге дейін шамамен 13 өңірде осындай тәртіп енгізілді. Қазірдің өзінде 800-ден астам мектеп 11 мың сыныпты қашықтан оқытуға жіберді. Бұл – шамамен 250 мың бала», – деді Сұлтанғазиев.
ЕСКЕ САЛАЙЫҚ
Бір апта бұрын бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова жеті өңірде ЖРВИ-ге байланысты 132 мектептің 1 469 сыныбы қашықтан оқуға көшкенін хабарлаған еді.