×
518.68
600.27
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.68
600.27
6.58

Қазақстанда миллиардтаған тендерді ресейлік азамат ұтып жүр

Бүгін, 12:01
Қазақстанда миллиардтаған тендерді ресейлік азамат ұтып жүр
Ulysmedia.kz коллажы

Батыс Қазақстан облысында (БҚО) әлеуметтік нысандарды салуға қатысты мемлекеттік сатып алулардың ашықтығына сұрақтар көбейіп келеді. Себебі ондаған миллиард теңгелік ірі жобалар бір топ компанияның қолында шоғырланып қалған. Оның ішінде шетелдік кәсіпкерлер де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

arasha.kz жариялаған талдауға сәйкес, негізгі нысандар — ауруханалар мен мектептер — жиі шетелдік бенефициары бар компаниялардың үлесіне тиеді. Мысалы, Бөрлі аудандық ауруханасына қосымша корпус салу жұмыстары (3,9 млрд теңге) «Альтаир» ЖШС-іне берілген. Компанияның бенефициары — Ресей азаматы Александр Потиченко.

Білім беру саласында да осындай жағдай тіркелген. Үлкен Шаған ауылындағы мектеп құрылысы (2,26 млрд теңге) бойынша байқаудың соңғы кезеңінде де таныс компаниялар көрінеді. Ал Бөрлі ауылында салынып жатқан мектептің құны 4,09 млрд теңгеден асады. Дереккөздің мәліметінше, жеңімпаз — «Альтаир» ЖШС, ал екінші орынды оған аффилиирленген «Альтаир-СК 7» компаниясы алған.

Басылым мәліметінше, Ресей азаматы өңірдегі мектеп құрылысы бойынша жарияланған тендерлерді тұрақты түрде жеңіп келеді. Мәселен, Володар ауылының мектебін салу жобасы соның мысалы.

Қымбат жобалардың қатарындағы Казталов аудандық ауруханасын қайта жаңарту жұмыстарының құны — 5,9 млрд теңге. Бұл байқауда «MIR-A Construction» ЖШС жеңімпаз атанса, «Альтаир» компаниясы да финалға шыққандар қатарында болған.

— Өңір тұрғындарын толғандыратын басты мәселе сол күйі ашық тұр: неге БҚО-дағы мектептер мен ауруханалар секілді стратегиялық маңызды құрылыс жобалары қайта-қайта бір топ компанияның, оның ішінде бенефициары шетелдік тұлғалар саналатын фирмалардың қолына өтеді? — делінген жарияланымда.

Мұнда автоматты түрде заңбұзушылық не жемқорлық бар деп тұжырымдау дұрыс емес. Алайда сомалардың ірі болуы, бір компаниялардың қайта-қайта жеңіске жетуі қоғамдық және ақпараттық бақылаудың маңызын арттырады. Өйткені бұл нысандар — бюджеттен қаржыланатын, өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы зор объектілер.

Серіктес жаңалықтары