×
518.68
600.27
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.68
600.27
6.58

Ұялы операторлар тарифтердің қымбаттағанын хабарлады

Бүгін, 21:40
Ұялы операторлар тарифтердің қымбаттағанын хабарлады
Әлеуметтік желіден

Қазақстандағы бірнеше мобильді байланыс операторлары тарифтердің қымбаттайтынын хабарлады.Соңғы жылдары қазақстандықтар байланыс бағасының жиі өсіп жатқанын айтып шағымдануда. Әлеуметтік желілерде де тарифтер қымбаттағанымен, байланыс сапасы тұрақсыз күйінде қалғаны жазылып жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

BEELINE

Tengrinews.kz ұялы байланыс операторларына хабарласып анықтаған. 

Компанияның баспасөз қызметі тарифтердің өсетінін растады. Олар абоненттердің эмоциясын түсінетінін, себебі өздері де шығындарға тап болып отырғанын айтты.

«Біз телекоммуникациялық жабдықты сатып аламыз, электр энергиясына жаңа тариф бойынша төлем жасаймыз (өткен жылы 6,5 миллиард теңге төледік), салық төлейміз. Айтпақшы, қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі біздің шығынды 35 миллиард теңгеге арттырды», – деді компания өкілдері.

Компанияның айтуынша, шығынға әсер ететін басқа да экономикалық факторлар бар.

«Желіні дамытуға арналған жабдықтың барлығы дерлік шетел валютасымен сатып алынады, себебі ол Қазақстаннан тыс жерде өндіріледі. 2024 жылы валюта бағамының ауытқуына байланысты шығын шамамен 3,7 миллиард теңгеге өсті», – деді баспасөз қызметі.

Beeline-дағы кейбір тарифтердің қымбаттауы 2026 жылдың қаңтарынан күтілуде.

TELE 2 ЖӘНЕ ALTEL

Бұл операторлар да жуырда тарифтік жоспарлардың бағасы қайта қаралатынын хабарлады. Олардың дерегінше, 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап абоненттік төлем мен қызмет көлемі өзгереді.

«Бұл – мәжбүрлі шара. Себебі желіні дамыту мен жаңғыртуға, қызмет көрсетуге кететін шығындар және салық заңнамасындағы өзгерістер әсер етті. Абоненттік төлемді өзгерту бізге сервистің тұрақтылығын сақтап, сапаны арттыруға мүмкіндік береді», – деді компания.

Компания желісінің қамту аймағы елдегі елді мекендердің 96 пайызын құрайды. Олар инфрақұрылымға инвестиция салуды әрі байланыс сапасын жақсартуды жалғастыратынын айтты.

KCELL

Бұл оператор әзірге тарифті көтеру туралы шешім қабылдамағанын мәлімдеді.

«Қосылған құн салығының өзгерісін зерттеп жатырмыз, бірнеше сценарий қаралуда. Бағаны түзету туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ жазда “Лучше” тарифтік желісіндегі бағаларды бекіткенбіз – ол кемінде 2027 жылға дейін өзгермейді», – деді компанияның корпоративтік байланыс бөлімі.

Компания тарифтерді қайта қарау қажет болса, ол туралы алдын ала ресми түрде хабарлайтынын жеткізді.

АЙТА КЕТЕЙІК

2025 жылдың қазанында 2026 жылы қазақстандық операторлардың тарифтері қымбаттауы мүмкін екені айтылған. Себеп ретінде шығындардың өсуі және интернетке сұраныстың артуы көрсетілген. Сол кезде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының әкімшілік директоры Ержан Мейрамов ережелер экономикалық негіз болса, тарифті қайта қарауға мүмкіндік беретінін еске салған.

«Мобайл Телеком-Сервис» акционерлік қоғамының (Tele2, Altel) басқарма төрағасы Александр Бабичев интернетке сұраныстың өсуі инфрақұрылымның үлгермеуіне әкеліп отырғанын айтқан. Сондықтан оператор базалық станциялар, дата-орталықтар мен кеш-серверлерге жедел қаржы құюға мәжбүр екенін жеткізген.

Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин компания қаңтарда тарифті өзгертуді жоспарлап отырғанын, өсім шамамен 15–20 пайыз болуы мүмкін екенін айтқан.

«Кселл» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асқар Жамбакин де егер салық пен экономикадағы өзгерістер елеулі болса, тарифті қайта қарау ықтимал екенін атап өткен.

Серіктес жаңалықтары