Шымкентте әйелін ұрып, жағын сындырған ер адам сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Kursiv.media сайтының жазуынша, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ер адамды бір жылға бас бостандығынан айырған. Ол кінәсін ішінара мойындап, өзін ақтауды сұраған. Оқиға биыл мамырда болған. Әйелін ұрып, жағын сырдырды деп айыпталған ер адамға «денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылған.
«2024 жылғы 1 мамырда сотталушы жанжал кезінде азаматтық некедегі жұбайының бет тұсынан бірнеше рет соққы жасап иегін сындырған, нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына орташа зиян келтіргені анықталды», – делінген сот хабарламасында.
Сот тергеуінде айыпталушының кінәсі толықтай дәлелденгені айтылған. Прокурор сотталушыны бір жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Жәбірленуші соттан моральдық шығын ретінде 10 миллион және заңды өкілінің көмегіне 3 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Сот бұл өтінішті ішінара қанағаттандырып, екі миллион теңге өндіруге қаулы шығарған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.