×
516.86
598.68
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.86
598.68
6.58

Трамп мигранттарға тәртіпті күшейтпек

Бүгін, 21:10
Трамп мигранттарға тәртіпті күшейтпек
Ашық дереккөзден

Америка Құрама Штаттарының президенті көші-қон қызметіне «алаңдаушылық тудыратын» елдерден келген барлық шетелдіктердің жасыл карталарын (тұрақты тұруға рұқсат құжаты) қайта тексеруді тапсырды. Дональд Трамп «батыс өркениетімен үйлеспейтін кез келген адамды елден шығаратынын» мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Трамп сондай-ақ «үшінші әлем елдерінен» АҚШ-қа көші-қонды «мәңгілікке тоқтататынын» айтты. Оның сөзінше, бұл шешім АҚШ жүйесінің толық қалпына келуіне мүмкіндік береді. Бұл туралы ол 28 қараша, жұма күні Truth Social платформасында жариялаған жазбасында хабарлады. Алайда нақты қай елдерді «үшінші әлем» деп атағанын ашып айтпады.

Сол жазбасында Ақ үй басшысы елге оның алдындағы президент Джо Байден кезінде кірген «миллиондаған заңсыз мигранттарды» депортациялауға уәде берді. Сонымен қатар ол азаматтығы жоқ адамдарға әлеуметтік төлемдер мен субсидияларды тоқтататынын жеткізді. Трамп «АҚШ-тағы ішкі тыныштықты бұзатын мигранттардың азаматтығын тартып алып, қоғамға ауыртпалық түсіретін немесе қауіп төндіретін кез келген шетелдікті елден шығарамыз» деп қатаң ескертті.

АҚШ-тың Азаматтық және көші-қон қызметінің (USCIS) басшысы Джозеф Эдлоу әлеуметтік желі X-те Трамптың тапсырмасымен «алаңдаушылық тудыратын елдерден келген әрбір шетелдіктің жасыл картасын толық әрі мұқият қайта тексеруді бұйырдым» деп жазды. Ол қай елдер туралы сөз болып отырғанын нақтыламай, маусым айында Трамп шығарған жарлыққа сілтеме жасады. Ол жарлық бойынша АҚШ-қа 12 елдің азаматтарына (оның ішінде Ауғанстан, Иран, Йемен) толық тыйым салынған, ал тағы жеті елдің (оның ішінде Түрікменстан, Венесуэла) азаматтарына ішінара шектеу қойылған. Ресей мен Беларусь бұл тізімде жоқ.

АҚ ҮЙ МАҢЫНДАҒЫ ОҚИҒА

Трамптың мәлімдемелері 26 қараша күні Вашингтонда болған атыстың аясында жарияланды. БАҚ дерегіне сүйенсек, белгісіз ер адам Ақ үйге жақын Фаррагут алаңында кезекшілік атқарып тұрған әскери қызметкерлерге оқ жаудырған. Нәтижесінде АҚШ Ұлттық гвардиясының сарбазы Сара Бекстром ауыр жараланып, кейін ауруханада қайтыс болды. Тағы бір сарбаз Эндрю Вулфтың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.

Оқ атқан 29 жастағы Рахманулла Л. ұсталған кезде өзі де ауыр жарақат алған. Ол АҚШ-қа 2021 жылы Ауғанстаннан келген. Өз елінде америкалық арнайы қызметтермен жұмыс істегендіктен, Кабулды «Талибан» қозғалысы басып алғаннан кейін АҚШ-қа көшуге құқық алған. CNN дерегінше, ол 2024 жылы АҚШ-тан баспана сұрап, 2025 жылдың басында оны алған.

Серіктес жаңалықтары