Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың танымдық және тілдік даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа жоба сынақтан өтті. «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» деп аталатын қосымшалар оқу процесін жеңілдетіп қана қоймай, балалардың сөйлеу және шығармашылық дағдыларын дамытуға арналған құрал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДІСТЕР ЖӘНЕ ДАЙЫНДАЛҒАН ҚОСЫМШАЛАР
Жоба барысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың бастапқы деңгейін анықтау үшін диагностикалық кешен әзірленген. Бұл кешенге танымдық және тілдік даму көрсеткіштерін бағалауға арналған бірнеше әдіс енгізілген.
Сонымен бірге мобильдік қосымшалардың мазмұны пысықталып, арнайы адаптация жасалған.
«Сауатты бала» — байланыстырып сөйлеу мен танымдық қабілеттерді дамытуға бағытталған.
«Дыбыстар әлемі» — «Артикуляциялық жаттығулар» және «Дыбыстар әлемі» атты екі бөлімнен тұрады.
Әр бөлімде жаттығулар атауы, орындалу нұсқаулығы және иллюстрациялық суреттер қамтылды. Бұл логопедиялық жұмысты жеңілдетуге айтарлықтай көмектесті.
ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ
Жоба ерекше балалар үшін мәдени-білім ортасын құруды көздеді. Мобильдік қосымшалардың арқасында:
білім қолжетімді болды;
үй жағдайында оқитын балалардың қарым-қатынас шеңбері кеңейді;
коммуникативті дағдылар мен ұжымдық жұмыс қабілеті арта түсті.
ТІЛДІК ҚАБІЛЕТТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР
Тәжірибе нәтижелері қосымшалардың тиімділігін көрсеткен. Балаларда:
сөйлеу тілі,
фонематикалық қабылдау,
артикуляциялық дағдылар,
грамматикалық құрылымдарды қолдану деңгейі жақсарды.
Байқалған оң өзгерістердің ішінде ең маңыздысы — сөздік қордың белсенуі, нұсқауларды дұрыс түсіну, байланыстырып сөйлеудің қалыптасуы.
ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ
Мобильдік қосымша арқылы оқыту үй жағдайында да тиімді бола алатыны дәлелденген. Жобада қашықтан оқытудың мынадай артықшылықтары айқындалған.
баламен жеке жұмыс ұйымдастыру мүмкіндігі;
уақыт пен орынды еркін таңдау;
ата-ананың оқыту процесіне қатысуы;
визуалды, аудиалды және интерактивті материалдардың қолжетімділігі.
Педагогтар мен ата-аналар қосымшалардың мазмұнына жоғары баға беріп, сөйлеу тілін, дыбыстарды айтуын, коммуникативтік қабілеттерін дамытуда үлкен көмек болғанын айтты.
«САУАТТЫ БАЛА» ҚОЛДАНУ НҰСҚАУЛЫҒЫ
Жоба нәтижесінде мобильдік қосымшаларды қолдануға арналған арнайы нұсқаулық жасалған. Ол ата-аналар мен педагогтарға қосымшаны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, қашықтан оқыту технологияларын арнайы білім беру саласына енгізу — тек қосымша құрал емес, түзете-дамыту жұмыстарының толыққанды әрі нәтижелі әдісі.