Қазақстанның белгілі ақыны және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Нобельдің бейбітшілік премиясына ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
- Алматыда өткен партияның V қалалық конференциясында маңызды әрі тарихи шешім қабылданды. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев әйгілі жазушы, қоғам белсендісі, “Невада–Семей” антиядролық қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовті Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынғанын мәлімдеді, — делінген хабарламада.
Партия өкілдері бұл бастама ақынның тек Қазақстандағы ғана емес, әлемдік қауіпсіздік жолындағы еңбегін жоғары деңгейде мойындау екенін атап өтті.
- Сүлейменовтің “Невада–Семей” қозғалысы аясында атқарған қызметі Семей ядролық полигонының жабылуына шешуші ықпал етті. Сонымен бірге Қазақстанның халықаралық белсенділігінің арқасында АҚШ-тың Невада штатында және тағы бірнеше елде төрт ірі ядролық сынақ алаңы жабылды. Бұл — жаһандық қауіпсіздікке қосылған үлкен үлес, — деді партия мүшелері.
Әміртаевтың айтуынша, Сүлейменов қазақ халқының рухани тірегі ғана емес, жаһандық бейбітшіліктің үнін жеткізген тұлға. Сол себепті оны Нобель сыйлығына ұсыну — тарихи әділеттілік.
Партия өкілдері бұл бастама Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, елдің бейбітшілік бағытындағы саясатын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ
Олжас Сүлейменов — Қазақстанның халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері (1991), Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1973) және Ленин комсомолы сыйлығының (1967) лауреаты. «Тарлан» сыйлығының иегері, «Барыс» орденінің I дәрежесіне, сондай-ақ түрлі мемлекеттік наградаларға ие. 1989 жылы антиядролық «Невада–Семей» қозғалысын құрды. Ол «Земля, поклонись человеку», «Глиняная книга», «Аз и Я» еңбектерінің, сондай-ақ көптеген поэтикалық жинақтардың авторы.