Мәскеуде өткен ҰҚШҰ кеңесінің және парламенттік ассамблеяның 18-пленарлық отырысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
5 жылдық әскери ынтымақтастық жоспары
Өз сөзінде Тасмағамбетов алдағы бес жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Жоспарға сәйкес ұжымдық күштер заманауи және перспективалық қару-жарақ түрлерімен жабдықталмақ. Олардың қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА), әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, барлау техникасы, радиоэлектрондық күрес құралдары және әскерді басқаруды автоматтандыру жүйелері бар.
- Ұйым Ұжымдық күштердің әскери әлеуетін арттыра береді. Бұған заманауи барлау жүйелерін, радиоэлектрондық күрес құралдарын, ұшқышсыз және роботтандырылған техниканы, сондай-ақ әскерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу арқылы қол жеткізіледі. Ұйымға мүше елдердің қарулы күштері үшін офицерлік кадрларды дайындау бағдарламалары да әскери ғылым мен технологияның соңғы жетістіктеріне сәйкес жетілдірілетін болады, – деді ол.
Бұдан бөлек, Тасмағамбетов келесі жылдан бастап ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне кірісетін Таалатбек Масадыковқа табыс тіледі.