×
508.3
592.17
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.3
592.17
6.63

Қарапайым тілмен: венчурлық инвестициялар деген не және оның несиеден айырмашылығы не?

Бүгін, 18:08
Қарапайым тілмен: венчурлық инвестициялар деген не және оның несиеден айырмашылығы не?
Ulysmedia.kz коллажы

«Жалынып сұрау керек пе? Шағым айту ма? Жоқ, бұл біз туралы емес», – дейді Самал Ибраеваның подкастына келген қонақтар Аслан Сұлтанов пен Ербол Абдразақов. 

Ulysmedia.kz алаңындағы кең көлемді сұхбатта қонақтар неге келешегі бар идеяға кепілсіз қаржы алу қазірдің өзінде мүмкін екенін, қазақстандық стартаптар мен кәсіпкерлердің әлемді қалай таңғалдырғанын және баламалы қаржыландыру саласында адалдық, жеке бедел мен ашықтықтың қандай маңызы барын түсіндіреді.

ВЕНЧУРЛІК ИНВЕСТИЦИЯНЫ НЕСИЕМЕН ШАТАСТЫРМАУ КЕРЕК

- Көп адам «венчурлік инвестиция» дегенді әп дегенде түсіне қоймайды. Сондықтан осы ұғымды тарқатып, түсіндіріп берсеңіз.

Аслан Сұлтанов:

Егер қарапайым тілмен айтсақ, венчурлік инвестиция – IT өнімдер мен технологиялық жаңалық жасайтын, жас әрі амбициясы жоғары командаға салынатын қаржы. Яғни маркетплейстерден бастап финтех-платформаларға, бизнестер мен миллиондаған пайдаланушыларға арналған технологиялық сервистерге дейін жаңа шешім әзірлейтін мамандар.

Кейде стартап дайын түрінде келеді, кейде тек идея немесе прототип арқылы келеді. Біздің міндет – жобаны жан-жақты талдау: команданы, нарықты, технологияны, бәсекелестік ортаны, масштабталу мүмкіндігін және шетел нарығына шығу әлеуетін бағалау.

Егер өнімнің даму қабілеті барын, оған сұраныс жоғары екенін және халықаралық деңгейге шығатын мүмкіндігін көрсек, онда инвестиция саламыз. Венчурлік модель дәл осындай қағидамен жұмыс істейді. Яғни, үлкен компанияға айналып, нарыққа жаңа құндылық қосатын командаларды табу  венчурлік компанияның басты мақсаты.

 Бұл банк беретін кредиттен несімен ерекшеленеді?

Аслан Сұлтанов:

Айырмашылығы айтарлықтай. Банк несие береді, ол міндетті түрде пайызбен қайтарылуы тиіс және кепіл сұрайды. Яғни олар үшін бастысы – қамтамасыз ету мен төлем қабілеті.

Біз мүлде басқа жолмен жұмыс істейміз. Біз серіктес боламыз: компаниядан үлес сатып аламыз, әдетте 5-тен 15 пайызға дейін, жобаның бағасына қарай, әрі сол бизнеске тең қатысушыға айналамыз. Біз үшін стартаптың өсуі маңызды, себебі біздің табысымыз команда табысына тәуелді.

Сонымен қатар біз жобаны барлық кезеңде сүйемелдейміз. Көп жағдайда стартаперлер технологияны жақсы меңгерген жастардан тұрады. Олар өнім жасауды жетік біледі, бірақ сатылым, келіссөз жүргізу, стратегиялық жоспарлау, қаржылық модель құру немесе бизнес-процестерді қалыптастыруда тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін.

Міне, дәл осы тұста біз көмекке келеміз. Біз стратегия құруға көмектесеміз, ірі корпорациялармен таныстырамыз, банктермен, инвесторлармен, серіктестермен байланыстырамыз, нарықпен жұмыс істеуді үйретеміз. Яғни біз тек ақша салмаймыз, командаға тәжірибемізді, білімімізді және байланыстарымызды қосып, оларды күшейтеміз. Нағыз венчур осылай жұмыс істейді: капитал + тәжірибе + өсуге қолдау.

Толық нұсқасын YouTube-тегі Ulysmedia арнасынан көре аласыз

Серіктес жаңалықтары