Мәжілісмендер популизмге жол берді деген айып тағылды. Бұған міндетті сақтандыру туралы заң жобасын талқылау түрткі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мәжілісте қазір депутат Елнұр Бейсембаев ұсынған автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға түзетулер қаралып жатыр. Түзетулердің негізгі мәні — міндетті автоcақтандыру бойынша төлем лимиттерін екі есе көбейту, бірақ сақтандыру сыйақысының мөлшерін сол күйінде қалдыру.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше, депутаттардың бұл бастамасы сақтандыру нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін. Оның деректеріне сүйенсек, 2020–2024 жылдар аралығында міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру компанияларының шығындылығы 46%-дан 87%-ға дейін өскен, ал биыл жылдың алғашқы жеті айында 96%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш жол-көлік оқиғаларының көбеюімен де байланысты. Сарапшының айтуынша, мұндай ұсыныстар депутаттарға міндетті экономикалық білім беру қажеттігін айқын көрсетеді.
— Осындай жағдайда депутаттар не ұсынады? Төлем лимиттерін екі есе ұлғайтып, сыйақы тарифтерін көтермей қалдыру. Яғни сақтандыру компанияларының шығындарын екі еселеу. Логика қайда? Сақтандырушыларды азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша лицензиядан бас тартуға мәжбүрлеу ме? Ондай болса, бұл міндетті автосақтандыруды жою туралы ұсыныспен пара-пар. Мен депутаттарға міндетті экономикалық білім беру қажеттігіне бірнеше рет назар аудардым. Себебі мұндай «сиқырлы» түзетулердің салдарын біз бәріміз ұзақ уақыт бойы тартуымыз мүмкін, — деді ол Finance.kz Telegram-арнасында.