2026 жылы Америка Құрама Штаттарының әскери қажеттіліктеріне 901,1 миллиард доллар бөлу қарастырылған заң жобасы Конгресс Палатасының төменгі палатасында қолдау тапты. Бұл сома бұған дейін президент Дональд Трамп сұраған мөлшерден асып түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұлттық қорғаныс туралы заң (National Defense Authorization Act, NDAA) жобасы 10 желтоқсан күні дауысқа салынды: 312 депутат қолдап, 112 қарсы шықты. Енді құжаттың Сенатта қабылдануы күтілуде.
УКРАИНА МЕН БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІНЕ КӨМЕК
Заң жобасында 2026 және 2027 жылдары Украинаға әскери көмек ретінде 400 миллион доллар бөлу қарастырылған. Балтық елдеріне қорғаныс мақсатында 175 миллион доллар бөлінеді. Сонымен қатар, Еуропадағы америкалық әскери контингент санын қысқартуға жаңа шектеулер енгізілді.
ТАЙВАНЬМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Құжатқа сәйкес, Тайваньмен ынтымақтастықты дамытуға 1 миллиард доллар бөлінеді. Бұл шешім Пекин тарапынан болуы мүмкін агрессияға алаңдаушылықпен байланысты. Сонымен бірге, Америка Құрама Штаттарының Қытай Халық Республикасындағы белгілі бір технологияларға инвестиция салуына жаңа шектеулер енгізіледі. The New York Times басылымы атап өткендей, бұл шара АҚШ капиталын Қытайдың жасанды интеллект пен әскери технологияларды дамытуына бағытталуын шектеуге тырысқан әрекет болып табылады.
ИЗРАИЛЬГЕ ҚАРЖЫ
Америка Құрама Штаттарының Израильге зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне бөлетін қаржысы артты. Құжатта 1991 және 2002 жылдары қабылданған, Иракта әскери күш қолдануға рұқсат берген екі қарардың күші жойылды. Сонымен қатар, Сирияға қарсы санкциялар толықтай алынып тасталды. Reuters агенттігінің түсіндіруінше, Конгресс АҚШ әскерін басқа елдерге жіберу мәселесінде көбірек бақылау орнатуды көздеп отыр.
ТРАМП СҰРАҒАННАН КӨБІРЕК ҚАРЖЫ
Қорғаныс бюджетінде барлық әскери қызметкерлердің жалақысына 3,8 пайыздық өсім қарастырылған. Жалпы алғанда, 2026 жылға арналған 901 миллиард доллардан асатын қорғаныс шығындары Дональд Трамп сұраған мөлшерден жоғары.
Трамп биыл мамыр айында Конгреске 2026 қаржы жылына (2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейін) 892,6 миллиард доллар көлеміндегі қорғаныс бюджетін бекітуді ұсынған еді. Бұл 2025 жылғы шығындармен шамалас болатын. Ал бастапқыда Палата шығындарды осы деңгейде бекіткенмен, Сенат 925 миллиард доллар көлеміндегі шығынды мақұлдады.