Атырау 14 желтоқсанға қараған түні ауа райы күрт нашарлап, желдің екпіні секундына 25 метрден асты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қолайсыз ауа райының салдарынан қалада тұрғын үйлердің шатырларына зақым келіп, электр энергиясы уақытша өшіп қалды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар түрлі кадрды жариялап жатыр. Солардың бірінде Алмагүл ықшамауданы, 31-үйдің шатыры ұшып кеткен.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі коммуналдық және шұғыл қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін жедел штаб құрылғанын мәлімдеді. Штаб облыс әкімінің орынбасарының жетекшілігімен жұмыс істеп жатыр, ал барлық жергілікті атқарушы орган күшейтілген режимге көшірілген.
Ал электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын «Атырау Жарық» ЖШС жүргізіп жатыр: облыс бойынша 25-тен астам апаттық бригада мен шамамен 40 арнайы техника жұмылдырылған. Әкімдік өкілдері жарықтың жаппай өшпегенін айтып отыр.