Энергетика министрі Семей мен Өскемендегі жаңа ЖЭО құрылысына инвестор табылды ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨЗ КҮШІМІЗБЕН
Энергетика министрлігі басшылығының БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз кездесуінде Ерлан Ақкенженов бастапқыда Ресейдің қатысуымен салу жоспарланған үш жылу электр орталығының (ЖЭО) қазіргі жағдайын баяндады.
— Өздеріңіз білетіндей, жазда үкімет Көкшетаудағы ЖЭО-ны өз күшімізбен жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде премьер-министрдің жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясын хабардар еттік. Күзде жер қазу жұмыстары басталды, қазір алаңды дайындау қарқынды жүріп жатыр. Тапсырыс беруші — Энергетика министрлігі, — деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, Көкшетаудағы ЖЭО құрылысына қатысты барлық жұмысты «Самұрық-Энерго» компаниясы атқарады.
ЖАУАП ЖОҚ
Ал қалған екі жоба — Семей мен Өскемендегі ЖЭО құрылысы бойынша Қазақстан әзірге қаржыландыруға дайын инвестор таба алған жоқ. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры жыл соңына дейін жаңа мердігерлермен келісімге келуге уәде берген еді. Алайда процесс созылып кеткен сыңайлы.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл екі жоба бойынша да Ресей тарапынан жеңілдетілген қаржыландыруға қатысты нақты жауап әлі түспеген. Министрдің сөзінше, Қазақстан бұл мәселені тұрақты түрде, «қолайлы сәттерде» көтеріп келеді.
— Қазіргі таңда мемлекетаралық жеңілдетілген несие бойынша Ресей Федерациясынан нақты жауап жоқ. Егер алдағы уақытта жағдай осы күйінде қалса, Қазақстан бұл жобаларды да өз күшімен жүзеге асыруға мәжбүр болады, — деді энергетика министрі.