Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылардың жеке деректерінің ірі көлемде таралып кеткенін растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақпарат тараған, бірақ нақты мәлімет жоқ
БАҚ-та қазақстандықтардың жеке деректері таралып кеткені туралы ақпарат шыққаннан кейін, редакция Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне ресми сауал жолдаған. Алайда жауап Цифрлық даму министрлігінен емес, Туризм және спорт министрлігінен келген. Сонымен қатар, ведомство қойған сұрақтардың басым бөлігіне жауап бермей, тек деректердің шынымен тарап кеткенін ғана жанама түрде мойындаған.
— Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат қызметтік тәртіппен ұсынылады, — деп қысқа қайырды Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рәпиков.
Билік нені жасырып отыр?
Туризм және спорт министрлігі де, Цифрлық даму министрлігі де біз қойған бірқатар сұраққа жауап берген жоқ. Осыған байланысты мына жайттар әзірге беймәлім күйінде қалып отыр: хакерлік шабуылдың салдары қаншалықты ауыр; қаскөйлер Esport жүйесін толық бақылауына алу қаупі бар ма; жеке деректері тарап кеткен қазақстандықтарға бұл туралы ескерту жасалды ма; деректер тарағаннан кейін қандай нақты шаралар қабылданды; Esport жүйесінің қазіргі мәртебесі қандай. Министрлік уәде еткендей, қызметтік тексеріс аяқталған соң осы сұрақтарға толық жауап береді деген үміт бар.
Ақпараттың таралуы туралы не белгілі?
8 желтоқсанда даркнеттегі хакерлік форумдардың бірінде Esport (esport.gov.kz) ақпараттық жүйесінен ұрланды деген күдік бар деректер базасы жарияланғаны белгілі болды. Қаскөйлер ашық қолжетімділікке еліміздің ресми спорт саласының дерлік барлығын қамтитын мәліметтерді салған. Деректер қорында 286 мың жазба бар. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, хакерлер спортшылар мен жаттықтырушылардың толық аты-жөні, ЖСН-і және телефон нөмірлері секілді көптеген жеке деректерге қол жеткізген. Қаскөйлердің Esport жүйесін қалай бұзғаны және жарияланған мәліметтердің қаншалықты өзекті екені әзірге белгісіз.