×
514.31
603.03
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.31
603.03
6.4

Шенеуніктерге кәсіппен айналысуға рұқсат беріле ме?

Бүгін, 16:41
Шенеуніктерге кәсіппен айналысуға рұқсат беріле ме?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлғаларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат беріледі. Бұл тікелей мемлекет атынан шешім қабылдамайтын, алайда заң бойынша мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген коммуналдық кәсіпорын басшылары мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

— Бизнес жүргізуге тыйым салатын барлық шектеу тек мемлекет атынан шешім қабылдап, сол шешімдер үшін жауапкершілік көтеретін тұлғаларға ғана қатысты, — деп түсіндірді Ulysmedia.kz тілшісіне Сенат кулуарында сенатор Нұрлан Бекназаров.

Оның айтуынша, мұндай өзгерістер енгізу қажеттілігі Конституциялық соттың шешімдерінен кейін туындаған. Алайда ол нақты қай шектеулердің Конституцияға сай келмейтіні анықталғанын нақтылап айтпады. Сенаттың қорытындысында заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұрагерлікке беру, сондай-ақ алименттік міндеттемелерді орындау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді көздейтіні айтылған.

— Заңда мынадай негізгі өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Конституциялық соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігін шектеу, егер мұндай шектеу конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсаттарымен негізделмесе, Конституцияға қайшы деп танылды. Бұл ақпарат Сенаттың қорытынды мәтінінде көрсетілген.

Нақты кімдерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілетіні туралы сұраққа сенатор Бекназаров тек бір мысал келтіре алды.

— Аудан әкімі үлкен өкілеттіктерге ие, солай ғой? Ол өз ауданында мемлекет атынан шешім қабылдайды. Демек, оның билігі де, өкілеттігі де, жауапкершілігі де жоғары. Оның үстіне, ол — мемлекеттік, тіпті саяси қызметші деуге болады. Ал, мысалы, сол әкімнің қарамағындағы коммуналдық кәсіпорында — су немесе жылумен қамту саласында жұмыс істейтін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның басшысы бар. Ол да басшы, бірақ қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, ол да мемлекеттік қызметшіге теңестірілген. Алайда оның атқаратын функциялары мүлде басқа. Міне, осындай санаттағы қызметкерлерге бүгінде қосымша кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат беріліп отыр, — деді сенатор.

18 желтоқсанда Сенат екі оқылымда заңсыз алынған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын күшейтетін және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мұрагерлік пен алименттер туралы заңнамаға өзгерістер енгізетін заң жобасын қабылдады. Отырыста айтылғандай, бірқатар санаттар үшін шектеулер сақталады. Атап айтқанда, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Ұлттық банк қызметкерлері және ұлттық компаниялардың басшылары үшін кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым қала береді. Сонымен қатар, мүдделер қақтығысы немесе қызметтік мүлікті пайдалану сияқты жағдайларда кәсіпкерлік қызметке жол берілмейтін нақты талаптар енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары