2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі. Жылдық табысы 36 миллион теңгеден асатын азаматтар (айына шамамен 3 миллион теңге) жоғары мөлшерлеме бойынша салық төлейтін болады.Бұл туралы Ұлттық аналитикалық орталықта өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАРҒА ҚИЫНДЫҚ ЖОҚ
Жәнібек Нұржановтың айтуынша, қарапайым азаматтар үшін ешқандай күрделі өзгеріс болмайды. Негізгі ерекшелік – жаңа Салық кодексінде жеке тұлғаларға арналған прогрессивті шкала енгізілген. Қазіргі уақытта табыс салығының мөлшерлемесі 10 пайыз болса, келесі жылдан бастап жылдық табысы 36 миллион теңгеге жеткен жағдайда ол 15 пайызға дейін өседі.
ЖОҒАРЫ ТАБЫСҚА ЖОҒАРЫ САЛЫҚ
Егер азаматтың табысы белгіленген межеден асып кетсе, ол автоматты түрде 15 пайыздық мөлшерлемеге көшеді.
БІРНЕШЕ ЖҰМЫС ОРНЫ БОЛСА – ҚОСЫМША ТӨЛЕУ ҚАЖЕТ
Нұржанов бірнеше табыс көзі бар азаматтарға ерекше назар аударылатынын айтты. Егер мұндай азаматтардың жылдық табысы 36 миллион теңгеден асып кетсе, олар декларация тапсырып, қосымша 5 пайыз төлеуге міндетті болады. Яғни жұмыс беруші бұрынғыдай 10 пайыз ұстайды, ал қалған 5 пайызды азамат өзі декларация арқылы қосымша төлейді.
КІМДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ
Бұл ереже ең алдымен жоғары жалақы алатын қазақстандықтарға қатысты. Айына 3 миллион теңгеден жоғары табыс табатын азаматтар үшін салық мөлшерлемесі өседі.
Прогрессивті шкаланың мақсаты – жоғары табысқа жоғары салық салу, ал көпшілік қызметкерлер үшін бұрынғы деңгей сақталады.