×
510.18
601.91
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.18
601.91
6.51

Смайылов Ұлттық экономика министрлігін деректерді бұрмалады деп айыптады

Бүгін, 11:07
Смайылов Ұлттық экономика министрлігін деректерді бұрмалады деп айыптады
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нақты көлемі ресми статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда жоғары. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алты жылда – 4,5 трлн теңге

Смайыловтың айтуынша, аудит Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі ұсынған статистика мен нақты деректер арасында елеулі алшақтық барын көрсеткен.

– Бағалау бойынша, соңғы алты жылда мемлекет кәсіпкерлерді 4,5 трлн теңгеге қолдаған. Оның 90 пайызы бес негізгі құралға тиесілі: шығындар мен несие мөлшерлемелерін субсидиялау, кепілдендірілген көлемде тауар сатып алу, кредит беру және лизинг, – деді ол.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын бизнеске көрсетілетін барлық мемлекеттік қолдау шараларына ревизия жүргізуді тапсырғанын еске салды. Осы тапсырма аясында министрлік Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемелерін әзірлеген.

– Сырттай қарағанда «мұз қозғалғандай » көрінді. Алайда аудит бұл тек жартылай шаралар екенін көрсетті, – деді Смайылов.

Түсініксіз тізім

Жоғары аудиторлық палата төрағасының пікірінше, мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімі сапасыз жасалған. Әртүрлі ведомстволарда тиімділікті бағалау тәсілдері бір-біріне сай келмейді.

– Тізім Кәсіпкерлік кодексте көзделген барлық қолдау тетіктерін қамтымайды. Оның үстіне, ішінде өзектілігін жоғалтқан шаралар бар. Мемлекеттік қолдаудың нақты әсерін бағалауға қатысты бірыңғай, түсінікті әдіснама жоқ, – деді ол.

Смайыловтың сөзінше, Ұлттық экономика министрлігінің әдістемелері бір бөлек, салалық органдардікі басқа. «Әлеуметтік» және «экономикалық әсер» ұғымдарының өзі нақты айқындалмаған.

– Оларды қалай есептеу керек? Қай кезең үшін? Алынған нәтижені нақты бір қолдау шарасымен қалай байланыстыру қажет? Әсіресе, бизнес субъектісі ұзақ жылдар бойы бюджеттен қаржыландырылып, әртүрлі көздерден 19-ға дейін қолдау түрін алатын жағдайда, бұл сұрақтар жауапсыз қалып отыр, – деді ол.

Нақты экономикалық әсер бағаланбайды

Смайылов мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау көбіне формалды көрсеткіштермен шектеліп отырғанын да атап өтті. Оның айтуынша, талдау негізінен құрылған жұмыс орындарының саны мен төленген салық көлеміне сүйенеді.

Ал өндіріс көлемінің өсуі, қосылған құн, бизнестің қаржылық тұрақтылығы сияқты нақты экономикалық нәтижелер ескерілмейді. Бұл көрсеткіштерсіз мемлекеттік қолдаудың шынайы пайдасын бағалау мүмкін емес, деп түйіндеді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Серіктес жаңалықтары