Халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры «Әділ сөз» халықаралық ақпарат агенттігі КазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасеновтың қылмыстық қудалануы мен ұсталуына байланысты қатты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қор өкілдері тек журналистке қарсы қылмыстық іс қозғалғанының өзіне ғана емес, сонымен бірге істің құқықтық негізіне және оның ұсталу заңдылығына да күмән келтіріп отыр.
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 180-бабының 1-бөліміне сәйкес, алдын ала тергеуді бастау үшін қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болуы тиіс. Белгілі болғандай, жәбірленуші тарап таратылған ақпараттың жалғандығы туралы арыз берген. Алайда Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша іс қозғау үшін «қасақаналық» белгісі болуы қажет. Егер мұндай белгі болмаса, онда тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша (жалған ақпаратты жариялау және тарату) әкімшілік іс қозғауға болады, – делінген жарияланымда.
ҚОРДЫҢ ТАЛАПТАРЫ
Қор Бас прокуратурадан мына мәселелер бойынша ашық түсініктеме беруді сұрайды:
ЖОҒАРЫ СОТҚА ҮНДЕУ
Қор Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына да үндеу жасап, Қылмыстық кодекстің 274-бабын қолдану тәжірибесіне қатысты нормативтік қаулы қабылдауды сұрады.
– 274-бапты қолдану тәжірибесіне арналған нормативтік қаулы қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабында (жала жабу) және 456-2-бабында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтардан нақты ажыратып көрсетуі тиіс. «Әділ сөз» қоры Жоғарғы соттың біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру қажеттілігіне назар аударады. Бұл қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті нақты ажыратуға мүмкіндік береді – делінген жарияланымда.
Қордың пікірінше, заңдылық, құқықтық айқындық және өлшемділік қағидаттарын сақтау – Қазақстан Республикасында сөз бостандығын, кәсіби журналистік қызметті және сот жүйесіне деген сенімді қорғаудың басты шарты.
Бұған дейін Астанада «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов ұсталған еді.