Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы олардың әрқайсысына жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Сонымен қатар прокурор кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты Толқын Тотақановаға қатысты жазаны кейінге қалдыруды сұрады.
Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптыларға бір миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, ақша 2019 жылы туған ұлын емдетеміз деген желеумен, Қазақстан азаматтарынан жиналған. Алайда айыптау тарапының мәлімдеуінше, кейін бұл қаражат жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Тотақановтарға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемдегі алаяқтық), сондай-ақ 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылған.
Іс бойынша сот жарыссөзі жалғасып жатыр. Айыпталушылар өз кінәларын мойындамайды.