Мюнхен – Пекин бағытында ұшып бара жатқан Lufthansa әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Ұшақтың қонуына жолаушылардың бірінің денсаулығының нашарлауы себеп болған. Ұшу кезінде ер адам өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Қонғаннан кейін бортқа әуежайдың медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем тобы жедел жеткен. Алайда дәрігерлер жолаушының ұшақ жерге қонбай тұрып көз жұмғанын анықтаған.
Барлық қажетті рәсімдер аяқталып, ұшаққа жанармай құйылған соң ұшақ сағат 07:56-да Пекинге қарай жолын жалғастырған.
Алматы әуежайындағы полиция бөлімі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, шетел азаматының өліміне жүрек ауруы себеп болған.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.