×
512.81
604.19
6.57
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.81
604.19
6.57

Қазақстан мен Жапония дзюдо саласындағы ынтымақтастықты күшейтті

Бүгін, 15:17
Қазақстан мен Жапония дзюдо саласындағы ынтымақтастықты күшейтті

Қазақстанның Jenys Judo Club ұйымы мен Жапонияның JUDOs Nonprofit Organization арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Құжат дзюдоны дамытуға, жаттықтырушыларды даярлау сапасын арттыруға, бірлескен білім беру және тәжірибелік семинарлар өткізуге, сондай-ақ дзюдоның рухани құндылықтары мен философиясы негізінде екі ел арасындағы мәдени және кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Аталған келісім Қазақстанға дзюдоның отаны саналатын Жапонияның ғылыми тәсілдері мен заманауи оқыту жүйелеріне, озық жаттығу әдістемелеріне тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Жапонияның жетекші оқу орындары, мамандандырылған мектептерімен және әлемдік дзюдо орталығы — Кодоканмен ынтымақтастық орнатуға жол ашады.

Меморандум аясында қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылар Жапонияда білім алып, біліктілігін арттырып, кәсіби тұрғыда шыңдала алады. Бұл Қазақстандағы балалар мен кәсіби дзюдоны дамыту үшін айрықша маңызға ие.

Келісім стратегиялық сипатқа ие. Жаттықтырушыларды даярлау жүйесін қалыптастыруға, дзюдоны дамытудағы және елді әлемдік үздік тәжірибелермен ықпалдастыруға септігін тигізеді.

Бұл меморандум 13 желтоқсанда Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Judo in Schools» халықаралық бағдарламасымен де өзара сабақтас. Бағдарлама мектептерде дзюдоны кезең-кезеңімен енгізіп, балалардың бойында тәртіп, өзара құрмет пен дамуға ұмтылыс сияқты құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.

Осылайша, құжат Қазақстанда дзюдоны жүйелі түрде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жалғасы әрі спорт пен білім беру саласындағы халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңі екенін көрсетеді.

JUDOs Nonprofit Organization ұйымының негізін қалаушы, әрі жетекшісі – әлемдік дзюдоның аңызы, Сидней–2000 Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы және халықаралық дзюдо федерациясының спорттық директоры Косэй Иноуэ.

Ал Jenys Judo Club клубының негізін қалаушы – кәсіпкер, халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының спорт шебері Алмаз Әльсенов.

 

Серіктес жаңалықтары