Ресей азаматы Қазақстаннан баспана сұрап отыр, алайда оны ел аумағына кіргізбей отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро таратқан мәліметке сәйкес, Астана әуежайының транзит аймағында бірнеше күннен бері Ресей армиясынан қашып шыққан әскери қызметкер жүр. Ол Қазақстаннан саяси баспана беруді сұрағанымен, шекара қызметі оны ел аумағына өткізбей отыр.
Ресейлік азамат әскерде қызмет етуден бас тартқаны үшін өз елінде қылмыстық қудалауға және өзге де қысымға ұшыраудан қауіптенетінін айтқан.
Бюро хабарламасында, бұл жағдай оның баспана сұрау құқығын іс жүзінде жүзеге асыруына кедергі келтіріп отырғаны атап өтілген.
- М. есімді азаматты Қазақстан аумағына кіргізбеу оның баспана сұрау құқығын және босқын мәртебесін беру жөніндегі заңда көзделген рәсімнен өту мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты бюроның елордадағы филиалы Қазақстан ҰҚК Шекара қызметі, Бас көлік прокуратурасы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгініп, шұғыл шара қабылдауды, М. азаматтың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін тіркеуді және ұлттық заңнама мен адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сай барлық рәсімнен өтуіне нақты мүмкіндік жасауды сұрады, – делінген бюро таратқан мәлімдемеде.
Қазіргі таңда ресейлік азаматтың жағдайы мен оның өтінішіне қатысты ресми шешім қабылданғаны туралы ақпарат жоқ.