Иранда елдегі экономикалық ахуалға байланысты наразылықтың болйып жатқанына бес күннен асты. БАҚ мәліметінше, наразылық кезінде кемінде алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
1 қаңтар кешкісін АҚШ-тың Associated Press агенттігі наразылық кезінде алты адам көз жұмғанын жазды. Ал Reuters агенттігі жергілікті БАҚ пен құқық қорғау ұйымдарына сілтеме жасап, құрбандар бар екенін растағанымен, нақты санын атамады.
Иранның Fars ақпарат агенттігі мен Hengaw құқық қорғау ұйымының мәліметінше, адам өлімініңбірнеше дерегі елдің оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында тіркелген. Тағы бір адамныңИранның орталық бөлігіндегі Исфахан провинциясында қаза тапқаны хабарланды.
1 қаңтарда Иранның мемлекеттік телеарнасы елдің батысындағы Лурестан провинциясына қарасты Кухдешт қаласында «Басидж» әскери жасағының бір мүшесі өлтірілгенін мәлімдеді. Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) оның қазасына наразылыққа қатысушылардыкінәлады. Алайда Hengaw ұйымы қаза тапқан адам қауіпсіздік күштері атып өлтірген демонстранттардың бірі екенін хабарлады.
Наразылық қашан және не себепті басталды?
Ирандағы наразылық акциялары 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегеранда алдымен ұялы телефон сататын дүкендердің, кейін өзге де сауда орындарының иелері елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсылық білдіріп, дүкендерін жапты. Кейінірек бұл акцияларға өзге ірі қалалардың тұрғындары да қосылды.
30 желтоқсанда наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы алғашқы қақтығыстар туралы хабарлар тарады, күштік құрылымдардың көзден жас ағызатын газ қолданғаны айтылды. dpa агенттігінің мәліметінше, көп ұзамай наразылық саяси сипат алды: қатысушылар «Диктаторға өлім!» және «Патша жасасын!» деген ұрандар айта бастады. Бірінші ұран Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменейге қатысты болуы мүмкін. Ал екіншісі 1978–1979 жылдардағы Ислам революциясы нәтижесінде құлатылған, шах басқарған монархиялық билікті қайта орнатуға үндеу ретінде түсіндіріледі.
Биліктің реакциясы
30 желтоқсанда Иран президенті Масуд Пезешкиан ішкі істер министріне наразылық білдірушілер мен кәсіподақ өкілдерімен диалог орнатуды тапсырып, олардың «заңды талап-тілектерін тыңдау қажет» екенін мәлімдеді.
Ал Иранның күштік құрылымдары елде тәртіпсіздіктерді өршіту мақсатында «сыртқы жаулардың қатысуымен ұйымдастырылған астыртын әрекет бар» деп мәлімдеп, азаматтарды наразылық акцияларына қатыспауға шақырды. 1 қаңтарда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Тегеранда «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 30 адамның ұсталғанын хабарлады.
Қазіргі таңда Иран экономикасы 40 пайызға жуық инфляциядан және үкіметтің ядролық бағдарламасына байланысты енгізілген Батыс санкцияларынан айтарлықтай зардап шегіп отыр. Президент Масуд Пезешкиан инфляциямен және қымбатшылықпен күресуге уәде берді.