Венесуэланың экс-президенті Николас Мадуро "наркотерроризм" айыптары бойынша өзін кінәлі деп есептемейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Reuters агенттігінің жазуынша, Мадуро Нью-Йорктегі федералды сотқа келіп, өзіне тағылған айыптаулардың төрт тармағын да жоққа шығарған. Атап айтқанда, ол наркотерроризм, АҚШ-қа кокаин жеткізуге бағытталған қастандыққа қатысу, сондай-ақ пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау бойынша айыптарды мойындамады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 3 қаңтарда Мадуро мен оның жұбайын америкалық арнайы жасақ операция барысында тұтқындаған. Алдымен оларды АҚШ-тың Гуантанамо әскери базасына алып кеткен, кейін Нью-Йоркке жеткізген.
АҚШ билігі Мадуроны есірткі терроризміне, заңсыз қару айналымына және дипломатиялық паспорттарды қылмыстық мақсатта пайдаланды деп айыптап отыр. Америкалық тараптың нұсқасы бойынша, ол қылмыстық желіні басқарған әрі есірткі картельдерімен сөз байласқан.
Мадуро бұған дейін барлық айыптауды жоққа шығарып, оларды қысым көрсету мен елдің мұнай ресурстарына бақылау орнатуға бағытталған сылтау деп атаған.
Операциядан кейін Венесуэланың жоғарғы соты вице-президент Делси Родригесті уақытша мемлекет басшысы етіп тағайындады. Ол АҚШ-пен диалогқа дайын екенін мәлімдеп, қарым-қатынасты халықаралық құқық пен өзара құрмет қағидаттары негізінде құруға үндеді. Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Родригес америкалық билікпен ынтымақтасудан бас тартқан жағдайда, оның салдары ауыр болатынын ескерткен еді.