Иранда тоғыз күнге созылған көшедегі наразылық акциялары кезінде, құқық қорғаушылардың мәліметінше, кемінде 35 адам қаза тапқан. Тағы 1200-ден астам демонстрант ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Deutsche Presse-Agentur (dpa) Ирандағы адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Human Rights Activists in Iran ұйымына және оның HRANA ақпараттық платформасына сілтеме жасап мәлімдеді.
HRANA деректеріне сәйкес, желтоқсан айының соңында басталған наразылықтар елдің 31 провинциясының 27-сіндегі кемінде 88 қаланы қамтыған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, әсіресе шағын елді мекендерде күштік құрылымдар шерушілерді қатаң түрде тарата бастаған, деп жазады DW.
Хабарламада күш қолдану ірі қалаларда, соның ішінде Мешхед пен Тегеранда жаңа наразылық толқынын туғызғаны айтылған. Акцияларға кемінде 17 университеттің студенттері қосылған. Ал студенттік басылымдардың мәліметінше, бұған жауап ретінде күштік құрылымдар оқу кампустары аумағында рейдтер жүргізе бастаған.
Жалпы, қазіргі наразылықтар 2022 жылдан бергі елдегі ең ауқымдысы саналады. Ол кезде жаппай толқулар 22 жастағы Махса Аминидің «ар-намыс полициясы» деп аталатын құрылым тарапынан ұсталғаннан кейін қаза табуымен басталған еді. Құқық қорғау ұйымдары 35 қаза тапқан адамның ішінде 29 наразылық білдіруші, төрт бала және екі қауіпсіздік қызметкері бар екенін нақтылайды. Бұған дейін Иран билігі наразылық акциясына қатысушыларға ешқандай кешірім жасалмайтынын мәлімдеген.
КОНТЕКСТ
Ирандағы наразылықтар бір аптадан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Демонстранттар көтерген ұрандардың қатарында «Диктаторға өлім» және «Ирандықтар өледі, бірақ қорлыққа көнбейді» деген сөздер бар.
Елдің құқық қорғау органдары наразылықты ұйымдастырушылардың көшбасшыларын «нақты нысаналы қамауға алу» шаралары басталғанын хабарлады. Билік олардың шетелдік агенттерден доллармен қаржылай қолдау алғанын алға тартады.
Наразылық акциялары желтоқсан айының соңында экономикалық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты дүкен иелерінің ереуілінен басталған. Бірнеше күннен кейін полициямен қақтығыстар орын алып, күштік құрылымдар көзден жас ағызатын газ қолданған.
Бірқатар провинцияларда митингілер тәртіпсіздіктерге ұласып, жүздеген адамның ұсталғаны және ондаған адамның қаза тапқаны хабарланды. Наразылықтар аясында Иран билігі интернетке қолжетімділікті шектеген.