×
509.84
595.75
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.84
595.75
6.47

Құрылыс кодексінде қандай өзгерістер болады?

Бүгін, 11:37
Құрылыс кодексінде қандай өзгерістер болады?
Ulysmedia.kz коллажы

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Құрылыс кодексіне енгізілген негізгі жаңалықтарды түсіндірді. Оның айтуынша, басты мақсат – елдегі құрылыс сапасын түбегейлі көтеру және бейберекет, талапқа сай келмейтін нысандарға жол бермеу, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Нүктелік құрылысқа тосқауыл қойылады

Соңғы жылдары тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың сапасына қатысты сын көбейді. Бұған дейін жергілікті әкімдіктер бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын өздері әзірлеп, өздері бекітетін. Сол құжаттар негізінде бастапқы деректер беріліп, құрылыс жүргізілетін.

Қажкеновтің сөзінше, енді бұл жүйе өзгереді. Құрылыс кодексі аясында кешенді қала құрылысы сараптамасы институты енгізілді. Енді:

  • Бас жоспарлар да,

  • егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары да

міндетті түрде осы сараптамадан өтеді. Бұл құжаттар енді құрылысқа рұқсат берудің негізгі негізі болады.

Сонымен қатар, барлық жоба қоғамдық тыңдаулардан өтуге міндетті. Оның хаттамалары да электронды түрде жүктеліп, тіркеледі.

Біртұтас цифрлық платформа іске қосылды

Енді:

  • сәулет-жоспарлау тапсырмасы,

  • эскиздік жобаларды келісу,

  • техникалық шарттарды беру

барлығы бір ғана бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүзеге асады.

Бұл платформа 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылған. Осы арқылы:

  • жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді,

  • кешенді тәуелсіз сараптамадан өтеді,

  • әрі қарай құрылысқа рұқсат беріледі.

Қуандық Қажкеновтің сөзінше, бұл бұрынғыдай бір құжатқа рұқсат беріліп, ал оның бас жоспарға қайшы келуі сияқты жағдайларды болдырмау үшін жасалып отыр. Мысалы, тұрғын үй салынуы тиіс емес, сквер болуы керек жерге үй салу секілді заңбұзушылықтар енді болмайды.

Қауіпті нысандар қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтеді

Мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын немесе адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін нысандарға (ЖЭО, экологиялық объектілер және т.б.) мемлекеттік сараптама қайта енгізіледі.

Бұл – стратегиялық және қауіпті нысандарды бақылауды күшейту үшін қабылданған шешім.

Үйлерді қабылдау тәртібі қатаңдатылады

Бұған дейін нысанды пайдалануға беру үшін:

  • авторлық бақылау,

  • техникалық қадағалау,

  • тапсырыс беруші,

  • мердігер қол қойса жеткілікті еді.

Енді бұған қосымша:

  • өрт қауіпсіздігі бойынша мемлекеттік қорытынды,

  • мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының тексеруі міндетті болады.

Бұл талаптар өрт гидранттары жұмыс істемейтін, сапасыз материал қолданылған үйлердің пайдалануға берілуіне тосқауыл қою үшін енгізілді.

Құрылыс процесі толық бақылауда болады

Қуандық Қажкеновтің сөзінше, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары нысандарға жоспарлы түрде барып, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін тексереді.

Барлық жобалар міндетті түрде кешенді сараптамадан өтеді және оны тек аттестатталған мамандар қарайды. Егер ауытқулар анықталса, нысан «проблемалық объект» ретінде тіркеліп, заң аясында шешіледі.

Үй сапасына кепілдік мерзімі ұзартылды

Құрылыс сапасына қойылатын талаптар да күшейтілді.

Бұрын жалпы кепілдік – 2 жыл еді. Енді:

  • ғимараттың өзі – 5 жыл,

  • қасбет, сыртқы қабырғалар, шатыр, негізгі конструкциялар – 10 жыл кепілдікке алынады.

Егер шатыр ұшып кетсе немесе қасбет құласа, техникалық комиссия тексеріп, кінәлі құрылыс компаниясы өз есебінен қалпына келтіреді.

Шаршы метр бағасы бұл кодекспен реттелмейді

Қажкеновтің айтуынша, Құрылыс кодексі тұрғын үйдің бағасын емес, нысанның бүкіл өмірлік циклін – жобалаудан бастап, пайдалануға беру және кейінгі техникалық жағдайына дейін реттейді.

Кодекс

Бұған дейін 9 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Құрылыс кодексіне қол қойған болатын. 

Серіктес жаңалықтары