×
509.75
594.67
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.75
594.67
6.46

"Медаль алмаған кім қалды?" - елде атақ пен марапат саудаға айналған

"Медаль алмаған кім қалды?" - елде атақ пен марапат саудаға айналған
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда атақ пен марапаттың заңсыз саудаға айналғанын айтып, бұл құбылыс қоғам үшін аса қауіпті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың айтуынша, бүгінде түрлі белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, орден мен атақтарды ашық әрі жасырын түрде сатып, оны табыс көзіне айналдырған.

- Атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ базарда сатылатын сувенир сияқты болып кетті, — деді Мақсат Толықбай.

Ол кейбір деректерге сүйене отырып, «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» және «Ұлт ұстазы» сияқты атақтар 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатылатынын айтты.

Толықбайдың сөзінше, мұндай ұйымдар зәулім ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін сахнаға шығарып, салтанатты түрде марапаттайды.

- Өздері мәз. Бірақ шын мәнінде қандай атақ алғанын өздері де түсінбейді, — деді ол.

Депутат мәселе марапат алуда емес, оның қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл салада құндылық жоғалып, «марапат» пысықайлардың бизнесіне айналған.

Депутаттың сөзінше, бүгінде «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» сияқты атақтар да сатылымға шыққан. Ақшасын төлесең, медаль, орден, куәлік – бәрі бір пакетке дайын берілетін көрінеді.

ҚАУІПТІ ҮРДІС

Мәжілісменнің айтуынша, бұл «марапат бизнесінің» ең қауіпті жағы — оның білім беру жүйесіне енуі.

- Қазір ұстаздың кәсіби деңгейі білім сапасымен емес, алған алғыс хаттары мен медальдарының санымен өлшенетін жағдайға жеттік, — деді ол.

Оның пікірінше, мұғалімдер бір-бірімен оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда жарыса бастаған. Бұл білім жүйесінің іргесін шайқалтатын аса қауіпті құбылыс.

ЗАҢ БАР, БІРАҚ ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР

Депутат дамыған елдерде мемлекеттік наградалар заңмен қорғалатынын, критерийлері нақты белгіленіп, рәсімдері ашық өтетінін атап өтті. Бұл марапаттың беделін сақтауға және заңсыз саудаға жол бермеуге мүмкіндік береді.

Ал Қазақстанда, оның айтуынша, қалтасында ақшасы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып, атақ тарата алады.

ҰСЫНЫС

Мақсат Толықбай Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, ол 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуын жүйелі бақылауға алуды ұсынды.

Сондай-ақ, депутат қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды күшейтіп, жауапты тұлғаларға нақты құқықтық баға беруді талап етті.

Оның айтуынша, мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізіп, цифрлық бақылау тетіктерін күшейту де маңызды.

ЖАУАПҚА ТАРТУ

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік наградалармен шатастыратын жалған қоғамдық атақ таратушылар өздерін кінәсіз сезінеді, бірақ бұл заңның әлсіздігінен емес, оның орындалмай отырғанынан туындап отыр.

- Салмағы жоқ, жөн-жосықсыз сатылып жатқан атақ-марапаттарды тоқтатудың бір ғана жолы бар: сатқызбау, сатып алмау және жол бергендерді заң нормаларына сай жауапқа тарту, — деді Мақсат Толықбай.

Ол бұл мәселеге дәл қазір кіріспесе, ертең кеш болатынын ескертті.

Серіктес жаңалықтары