Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі қазіргі заманғы көліктер, соның ішінде Қытайда шығарылған маркалар, қазақстандықтардың жеке деректерін жинайтын құралға айналуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗАҢСЫЗ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ЕРКІН АЙНАЛЫМЫ
Депутаттың айтуынша, елде азаматтарды жасырын бақылауға пайдаланылуы ықтимал техникалық құрылғылардың айналымы іс жүзінде реттелмеген.
«Нарықта ғаламдық позициялау жүйесінің трекерлері (GPS-трекерлер), ұялы байланыс жүйесінің маяктары (GSM-маяктар), мини-камералар, диктофондар және басқа да электрондық құрылғылар еркін сатылуда. Оларды онлайн-платформалар арқылы ешқандай лицензиясыз, сертификатсыз сатып алуға болады — банк картасы мен интернетке қосылу жеткілікті», — деді депутат Мәжіліс отырысында.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚҚА ҚАУІП
Оның айтуынша, мұндай құрылғылар азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау және отбасы құпиясын сақтау жөніндегі конституциялық құқықтарына тікелей қауіп төндіреді.
Депутат еске салғандай, Қылмыстық кодекстің 399-бабында тыйым салынғанына қарамастан, жасырын ақпарат жинайтын құрылғылардың кең таралуы жалғасуда. Рейдтер барысында құқық қорғау органдары диктофон орнатылған қаламдарды, тұрмыстық заттарға жасырылған бейнекамераларды, көзілдіріктер мен флеш-жады құрылғыларын тәркілеген.
«Алматыда, Теміртауда және басқа өңірлерде мини-камералар мен GSM-жүйелер тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ бұл шаралар бірлі-жарым ғана, ал нарық жұмысын жалғастырып, кеңеюде», — деді Әбутәліп Мүтәлі.
ЖАҢА БУЫН АВТОКӨЛІКТЕРІ
Әбутәліп Мүтәлі бөлек тоқталған мәселе — жаңа буын көліктері, соның ішінде Қытай маркалары. Қазақстанда сұранысы жоғары бұл көліктер шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл қазақстандықтардың деректерін ел аумағынан тыс жерде өңдеуге әкеледі.
«Бұл қозғалыс бағыттары, пайдаланушылар туралы мәліметтер және басқа да белсенділікке қатысты ақпарат. Шын мәнінде, шетелдік компаниялар біздің азаматтардың жүріс-тұрысын бақылап, талдай алады», — деді ол.
Сонымен қатар, депутат кейбір көліктердің функциялары қашықтан шектелген немесе ажыратылған жағдайлар болғанын айтты. Оның сөзінше, құрылғының қауіптілігін сыртқы түріне қарап бағалау мүмкін емес.
ДЕПУТАТ ҰСЫНҒАН ШАРАЛАР
Мәжілісмен халықаралық тәжірибеде мұндай электрондық құрылғылар қатаң бақылауға жататынын еске салды. Олар міндетті түрде сертификатталуы, лицензиялануы және азаматтық пен арнайы жабдықтың ара-жігі нақты ажыратылуы тиіс.
Оның айтуынша, кешенді реттеудің жоқтығы кез келген азаматтың жасырын бақылау нысанына айналуына жол ашады.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады:
Сонымен қатар, Әбутәліп Мүтәлі жаңа буын көліктерінің деректерді өңдеу серверлері мен пайдаланушы аккаунттарын Қазақстан аумағында орналастыруды және олардың жұмысын ұлттық заңнамаға сәйкестендіруді ұсынды.