×
509.63
592.34
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.63
592.34
6.54

"Халық кеңесі" немен айналысатын болады?

Бүгін, 14:32
"Халық кеңесі" немен айналысатын болады?
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде қоғамдық дамудың барлық мәселесі бойынша тұрақты жалпыхалықтық диалог жүргізуге арналған жаңа институт құруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда Қазақстанға кең ауқымды ұлттық диалог өтетін бірыңғай платформа немесе трибуна қажет. Бұл алаңға қоғамдағы негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға атсалысып жүрген құрылымдар бірігуі тиіс.

Осыған байланысты президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясын іс жүзінде табысты аяқталған деп есептеуге болатынын айтты.

Мемлекет басшысы жаңа институт ретінде Қазақстанның “Халық Кеңесін” құруды ұсынды. Президенттің пікірінше, жаңа орган өз қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық сабақтастығын сақтауы тиіс. Атап айтқанда, қазақ мемлекеттілігін жүйелі нығайту және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін бекемдеу бағытындағы жұмыс жалғасады.

Сонымен бірге Халық Кеңесі мазмұны жағынан өзге мемлекеттердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болмақ. Кеңесте еліміздегі барлық этностар, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтары мен өңірлер өкілдік алады.

Қазақстанның Халық Кеңесі елдің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылды. Оның ішінде 42 адам этномәдени бірлестіктерден, 42 адам ірі қоғамдық ұйымдардан, тағы 42 адам мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден іріктеледі.

Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төраға Кеңес мүшелерінің өз ішінен сайланады. Кеңес төрағасының ротациялық негізде қоғамдық бастамамен қызмет атқаратын екі орынбасары және хатшылық басшысы болады.

Президент жаңа органның өкілеттігін күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру ұсынылады, бұл оның елдегі саяси жүйедегі рөлін едәуір арттырмақ. Кеңестің ең жоғары органы кемінде жылына бір рет шақырылатын сессия болады.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісімге қатысты негізгі функциялары толықтай Халық Кеңесіне беріледі. Сонымен қатар жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен, мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді ілгерілетумен және түсіндірумен, Конституция мен өзге де маңызды мемлекеттік құжаттардың ережелерін кеңінен насихаттаумен айналысады.

Бұдан бөлек, Халық Кеңесінің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар өзге де гуманитарлық форумдарды ұйымдастыру функциясы өтеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны қалыптастыру тәртібі Конституцияның жеке бөлімімен және арнайы конституциялық заңмен бекітілетін болады.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Бұл ұсынысқа қатысты депутат Мақсат Толықбай пікір білдірді. Оның сөзінше Халық кеңесі үлкен ықпалға ие болады. 

- Тіпті Ұлттық құрылтайдан күшті ықпалға ие болуы мүмкін. Себебі тіпті Конституцияға өзгеріс енгізейін деп жатырмыз. Әртүрлі институт бар. Солардың төрағаларына дейін кеңеске қосатын боламыз. Ол жерде қоғамдағы бүкіл проблема ашық талқыланатын болады, – дейді депутат. 

Оның сөзінше, ұйым тікелей президенттің бақылауында болады. 

Серіктес жаңалықтары