Қазақстан OpenAI компаниясының Education for Countries атты халықаралық бастамасына алғашқы болып кірген елдердің қатарына енді. Елге мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына арналған ChatGPT Edu жүйесінің 165 мың лицензиясы тегін беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАҒА ҚАТЫСУ
OpenAI дерегінше, алғашқы топқа Эстония, Грекия, Иордания, Қазақстан, Словакия, Тринидад және Тобаго, Біріккен Араб Әмірліктері қосылды. Ал Италиядан университеттер қауымдастығы — ректорлар конференциясы (CRUI) қатысып отыр.
МИНИСТРЛЕРДІҢ ПІКІРІ
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:
«OpenAI-мен әріптестік — болашақ білім моделін қалыптастыратын ерекше жоба. ChatGPT Edu университеттер үшін кешенді шешім болып табылады, ол оқытушы мен зерттеушінің мүмкіндігін арттырады, бірақ оларды алмастырмайды. Жасанды интеллект — адамды алмастырушы емес, ойды күшейтетін құрал. Ол сын тұрғысынан түсіну мен мәдениетті қолдану арқылы тиімді болады», — деді.
Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев:
«ChatGPT Edu — педагогтарды қолдауға және ғылыми ортаға серпін беретін практикалық құрал. Бағдарлама ұлттық білім стандарттарына, қауіпсіздік талаптарына және тең қолжетімділік қағидатына сәйкес жүзеге асырылады», — деп атап өтті.
ЖҮЙЕНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
ChatGPT Edu мұғалімдерге оқу материалдарын, тапсырмалар мен тестілерді әзірлеуге, контентті оқушылардың деңгейіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Жұмыстарды тексеру кезінде жүйе бағалау критерийлерін қалыптастыруға және кері байланыс дайындауға көмектесе алады, бірақ соңғы шешім әрқашан оқытушының құзырында қалады.
ЛИЦЕНЗИЯЛАРДЫҢ БӨЛІНІСІ
Жоспар бойынша білім беру ұйымдарына тегін 165 000 лицензия беріледі:
ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ СЕРІКТЕСТЕР
Министрліктің мәліметінше, жоба жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады — мемлекеттік бюджеттен қаржыландырусыз және сыртқы гранттарсыз. Негізгі келісім OpenAI, Freedom Holding Corp. және Bilim Group арасында жасалған.
ҚОСЫМША ҚҰРАЛДАР
OpenAI дерегінше, Education for Countries бағдарламасы ChatGPT Edu-ға ғана емес, GPT-5.2 жүйесіне, сондай-ақ study mode және canvas құралдарына қолжетімділікті қамтиды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
OpenAI мысал ретінде Эстонияны келтіреді: онда ChatGPT Edu ел көлемінде енгізіліп, алғашқы жылы 30 мыңнан астам оқушы, мұғалім және зерттеушіні қамтыған. Сондай-ақ University of Tartu және Stanford университеттері 20 мың студенттің оқу процесіне жасанды интеллекттің әсерін зерттеп жатыр.