×
506.7
593.14
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.7
593.14
6.53

Путин Кремльде Трамп өкілдерімен жабық келіссөз өткізді

Бүгін, 08:20
Путин Кремльде Трамп өкілдерімен жабық келіссөз өткізді
Фото: Gavriil Grigorov/Sputnik/Kremlin/AP Photo/dpa/picture alliance

Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Дональд Трамптың өкілдері — арнайы уәкіл Стив Уиткофф, Джаред Кушнер және кеңесші Джош Грюнбауммен жабық кездесу өткізді. Келіссөздер 3,5 сағаттан астам уақытқа созылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кремльдегі жабық келіссөздер: кімдер қатысты?

22 қаңтар күні кешке Кремльде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату мүмкіндігіне қатысты жабық кездесу өтті. Мәліметке сәйкес, Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдерімен — арнайы уәкіл Стив Уиткоффпен, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен және аға кеңесші Джош Грюнбауммен келіссөз жүргізген.

Кушнердің қазіргі таңда АҚШ әкімшілігінде ресми лауазымы жоқ екені айтылғанымен, ол Ақ үйдің дипломатиялық және саяси бастамаларына қатысуды жалғастырып келеді. Ал жуырда құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» аға кеңесшісі болып тағайындалған Грюнбаум мұндай деңгейдегі келіссөздерге алғаш рет қатысқан.

Кездесу қанша уақытқа созылды және Ресей тарапынан кімдер болды?

Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу жабық форматта өтіп, үш жарым сағаттан астам уақытқа созылған. Ресей тарапынан Путинмен бірге келіссөздерге президенттің көмекшісі Юрий Ушаков, РФ президентінің арнайы өкілі әрі Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысқан.

Талқылау қорытындысы бойынша Юрий Ушаков БАҚ өкілдеріне телефон арқылы брифинг өткізеді деп күтілуде.

Бұған дейін, 21 қаңтарда Владимир Путин Ресей «Бейбітшілік кеңесіне» бұғатталған активтерден 1 млрд доллар бөлуі мүмкін екенін айтқан. Ал қалған қаражат соғыс салдарынан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге бағытталуы ықтимал екенін мәлімдеген. Алайда ол бұл аумақтардың нақты қайсысы екенін — Киев бақылауындағы ма, әлде Ресей уақытша басып алған өңірлер ме — нақтыламаған.

Айта кетейік, Путин мен Стив Уиткофф арасындағы алдыңғы кездесу 2025 жылдың желтоқсан айының басында өткен. Ол келіссөз бес сағатқа созылғанымен, БАҚ дерегінше, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілмеген.

Серіктес жаңалықтары