«Атажұрт» белсенділерінің ісі жабық қаралатын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Азаттық радиосының жазуынша, Қытайға қарсы наразылық білдіргені үшін «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен істі болып жатқан «Атажұрт» белсенділерінің соты жабық өтеді. Судья сот жабық болады деп жариялаған соң айыпталғандардың жақындары сот залынан шығарылған. Сотқа келгендер істің жабық қаралғанына қарсы.
Істі Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
Контекст
13 қараша күні Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Қалжат елді мекені маңында өткен бейбіт акция кезінде бір топ азамат Қытайдың Шыңжаң өңірінде түрлі себеппен ұсталып, «тәрбиелеу лагерлеріне» қамалған этникалық қазақтарды босатуды талап еткен. Сонымен қатар олар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді жою жөнінде де айтқан.
Наразылық шарасы барысында қатысушылар Қытайға жұмыс істеуге барып, кейін сол елде ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтару жөнінде талап қойды. Оның туыстары Қытай полициясы ұстаған азаматқа араша сұрап, бірнеше рет Астанаға ресми өтініш жолдаған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай тарапынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағанын, ал қос азаматтықтың екі мемлекетте де заңмен тыйым салынғанын хабарлаған.
Ulysmedia Әлімнұр Тұрғанбайдың оқиғасы туралы бірнеше рет жазған.
Алматы облысындағы осы оқиғалардан кейін полиция «Атажұрт» қозғалысының 19 белсендісін ұстады. Әуелі олар «бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іске ілікті.
Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін белсенділерді босатуға үндеген.