×
506.7
593.14
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.7
593.14
6.53

Халықтың табысы мен жалақысы төмендеп жатыр: Сүлейменов себебін түсіндірді

Бүгін, 17:01
Халықтың табысы мен жалақысы төмендеп жатыр: Сүлейменов себебін түсіндірді
Фото: Ұлттық банк

Қазақстанда халықтың нақты табысы да, жалақысы да төмендей бастаған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемеге арналған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлттық банк басшысы халық табысы 10 пайызға құлдырады деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.

— Нақты табыс 10 пайызға азайған жоқ. Ресми статистикаға сәйкес, халықтың нақты табысы 1,5–2 пайыз шамасында азайған. Бұл, әрине, алаңдатпай қоймайды. Бірақ бұл 10 пайыз емес, — деді Тимур Сүлейменов.

ЕКІ ФАКТОР

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, халық табысын бағалағанда екі негізгі фактор ескерілуі тиіс. Оның бірі — жалақының өзі қалай өзгеріп жатқаны, екіншісі — ақшаның сатып алу қабілеті.

— Мысалы, 2022 жылы 300 мың теңге жалақы алған болсаңыз, ол кез мүлде басқа. Ал 2026 жылы сол сома инфляция салдарынан әлдеқайда аз. Ақшаның инфляция жоғары болғандықтан құнсызданып жатыр, — деді ол.

Осы себепті Ұлттық банктің басты міндеті — инфляцияны тежеу екенін атап өтті.

— Біз инфляцияны төмендетпесек, жалақы да, табыс та, зейнетақы да өте жылдам құнсызданады. Баға мен тарифтердің өсуі табыстың артуынан озып кетеді. Сондықтан экономикалық әрі әлеуметтік саясаттың барлығы инфляциямен күреске бағытталуы тиіс. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан, — деді Сүлейменов.

БИЗНЕС

Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы атаулы жалақының өсу қарқыны да бәсеңдегенін мәлімдеді.

— Өткен жылы атаулы жалақы шамамен 10–11 пайызға өсті. Ал 2021–2024 жылдар аралығындағы орташа өсім 17 пайыз болған. Бұл — жұмыс берушілер жалақыны инфляция деңгейін толық жабатындай көлемде көтермей отырғанын көрсетеді, — деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, бұл мәселе тікелей Ұлттық банкке де, тіпті үкіметке де емес, көбіне бизнес шешімдеріне байланысты. Дегенмен ол жұмыс берушілер жалақыны индекстеуден бас тартпауы тиіс екенін атап өтті.

— Қызметкерлердің еңбекақысын кемінде бір-екі жылда бір рет инфляцияны ескере отырып арттыру қажет, — деді Ұлттық банк басшысы.

Тимур Сүлейменов үкімет тарапынан халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған жеке шаралар кешені бар екенін де айтты. Бұл бағытта тиісті министрліктер жұмыс жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары