Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның төраға орынбасары Ғалым Байтұқ Қазақстандағы авиация саласында жиі болып жатқан даулы оқиғалар мен жүйелі проблемалардың түп-төркіні шенеуніктер тарапынан жасалатын лоббизмде жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қоғам қайраткері соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланған Питер Фостердің жұбайына қатысты дауға пікір білдірді. БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, ол өзіне және жақындарына жеңілдетілген әуе билеттерін «алдыртқан».
Ғалым Байтұқтың айтуынша, мұндай жағдайлар халықтың наразылығын орынды туғызып отыр әрі тіпті әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін.
Оның пікірінше, әуе компаниялары мен әуежайлардың жұмысындағы көптеген заңбұзушылыққа бизнес мүддесін қорғайтын шенеуніктер тікелей жол ашып берген.
- Басты себеп — бізде, өкінішке қарай, әуе компанияларын лоббилеу өте қатты дамыған. Белгілі бір шенеуніктермен көлеңкелі әрі қатаң байланыстар бар. Олар компаниялардың мүддесін қорғап, ереженің сақталуын талап етпейді, жолаушыға дұрыс көзқарасты міндеттемейді, — деді Ғалым Байтұқ.
Ол азаматтық авиацияны жай ғана табыс көзі ретінде қарастыру үлкен қателік екенін атап өтті.
- Авиация — қаржылық жоба емес. Азаматтық авиация — ең алдымен жолаушыға деген қарым-қатынас, мемлекеттегі әлеуметтік жүйеге деген жауапкершілік. Ал осындай жанжалдар қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтеді, — деп түйіндеді қоғам белсендісі.