АҚШ конгрессмені Қазақстан билігін "Атажұрт" белсенділерін босатуға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
“Азаттықтың” мәліметінше АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі Джеймс Макговерн Қазақстан билігін "Атажұрт" тіркелмеген ұйымының 19 мүшесін дереу босатуға үндеді. Ол мұны Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясовқа жолдаған хатында мәлімдеді.
"Қазақстан үкіметін "Атажұрт" белсенділеріне қатысты қылмыстық айыптарды алып тастауға, осы іс аясында қамауда немесе үйқамақта отырған барлық адамдарды дереу босатуға, сондай-ақ Қазақстан заңдарының бейбіт пікір білдіруге немесе заңды адам құқықтарын қорғау қызметіне қарсы жазалау құралы ретінде пайдаланылмауын қамтамасыз етуге шақырамын"- деді Массачусетс штатынан сайланған демократ Макговерн.
Джеймс Макговерн – өкілдер палатасындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясының тең төрағасы. Сондай-ақ ол Конгрестің Қытай жөніндегі комиссиясына мүше. Бұрын осы комиссияға жетекшілік еткен.
ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ
13 қараша күні Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Қалжат елді мекені маңында өткен бейбіт акция кезінде бір топ азамат Қытайдың Шыңжаң өңірінде түрлі себеппен ұсталып, «тәрбиелеу лагерлеріне» қамалған этникалық қазақтарды босатуды талап еткен. Сонымен қатар олар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді жою жөнінде де айтқан.
Наразылық шарасы барысында қатысушылар Қытайға жұмыс істеуге барып, кейін сол елде ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтару жөнінде талап қойды. Оның туыстары Қытай полициясы ұстаған азаматқа араша сұрап, бірнеше рет Астанаға ресми өтініш жолдаған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай тарапынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағанын, ал қос азаматтықтың екі мемлекетте де заңмен тыйым салынғанын хабарлаған.