×
503.9
603.32
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.9
603.32
6.61

Қайрат Сатыбалдының қонақүйі енді сот болады

Бүгін, 10:25
Қайрат Сатыбалдының қонақүйі енді сот болады
vlast.kz

Алматыда Қайрат Сатыбалды қайтарған қонақүй қалалық сотқа берілетін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Власть» сайтының жазуынша, Есентай өзенінің жағасында орналасқан, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған қонақүй ғимаратында Алматы қаласының соттары орналастырылады. Бұл жөнінде басылым сұрауына Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлаған.

Сот өкілдерінің мәліметінше, ғимарат республикалық меншікке бекітілген және Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі департаментінің Алматы қаласы бойынша балансына тіркелген. Қазір нысанға қатысты ешқандай құқықтық дау жоқ.

Алдағы жөндеу жұмыстарына дайындық аясында ғимараттың инженерлік желілері мен құрылымдық элементтерінің техникалық жағдайына тексеру жүргізіліп жатыр.

Алайда соттың баспасөз қызметі ғимараттың Есентай өзенінің су қорғау аймағында орналасқан-орналаспағаны жөніндегі сұраққа жауап бермеген. Бұл мәселе Сот әкімшілігі департаментінің құзыретіне кірмейтінін айтқан.

Контекст

Бұған дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қайрат Сатыбалды 2023 жылы аталған қонақүй ғимаратын мемлекетке сыйға беру шартымен тапсырғанын хабарлаған. Сол жылдың қыркүйек айында нысан республикалық меншікке өтіп, Алматы қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің балансына бекітілген.

2014 жылы Hyatt Hotels & Resorts компаниясы «Хаятт» еншілес ұйымы Tavros инвестициялық холдингімен Алматыда «Hyatt Regency» қонақүйін салу жөнінде басқару келісімін жасағанын жариялаған болатын. Жоба бойынша қонақүй 2017 жылы ашылып, Сәтпаев даңғылы мен Есентай өзенінің арасында орналасуы тиіс болған.

Алайда құрылыс басталар алдында Кастеев атындағы өнер музейінің басшылығы болашақ қонақүй музей экспонаттарының сақталуына және айналасындағы жасыл аймаққа зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген. Музей өкілдері құрылыс кезінде ауаға тарайтын шаң мен күйе кондиционер жүйелері арқылы экспонаттарға орны толмас зиян тигізуі ықтимал екенін ескерткен.

Құрылыс компаниясы барлық рұқсат құжаттарының бар екенін мәлімдеп, құрылыс кезеңінде музей аумағында тазалықты қамтамасыз етуге уәде берген.

«Курсив» басылымының жазуынша, қонақүй 2017 жылы пайдалануға берілгенімен, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталмаған. 2022 жылдың қыркүйегінде нысан krisha.kz сайтында 5,2 млрд теңгеге сатылымға шығарылып, бір жылдан кейін бағасы 4,74 млрд теңгеге дейін төмендетілген.

Өткен жылдың наурыз айында қонақүй ғимаратында құрылыс қалдықтары жанып, өрт кейіннен сөндірілген.

Қазақстан экс-президентінің немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында қамауға алынып, сол жылдың қыркүйегінде «Қазақтелеком» компаниясынан қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 2024 жылғы 16 тамызда Өскемен қаласының №2 соты келтірілген залалдың толық өтелуіне байланысты жазаны бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды.

 

Серіктес жаңалықтары