×
503.9
603.32
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.9
603.32
6.61

Ресейлік «Лукойл» шетелдік активтерін АҚШ-тың «Carlyle» компаниясына сататын болды

Бүгін, 13:33
Ресейлік «Лукойл» шетелдік активтерін АҚШ-тың «Carlyle» компаниясына сататын болды
Reuters

Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясы шетелдегі активтерін АҚШ-тың Carlyle инвестициялық компаниясына сату бойынша мәмлеге келді. Бірақ оған компанияның Қазақстандағы активтері кірмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Meduza басылымының жазуынша, бұл мәміле реттеуші органдардың, оның ішінде АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) мақұлдауын қажет етеді.

Былтыр 15 қазанында «Лукойл» Ұлыбританияның санкциялық тізіміне енген еді. Сол сәтте «Лукойл» және «Роснефть» қатысқан  Әзірбайжан мен Қазақстандағы жобалар 2027 жылғы 14 қазанға дейін санкциялардан босатылды. Ал 22 қазанда АҚШ «Лукойл», «Роснефть» және олардың ондаған еншілес компанияларына санкция енгізіп, олардың АҚШ-тағы активтерін бұғаттады және америкалық компанияларға онымен іскерлік байланыс орнатуға шектеу қойды.

27 қазанда «Лукойл» санкциялар әсерінен шетелдік активтерін сататынын жариялады. 30 қазанда бұл активтерді Gunvor компаниясына сатуға келісілгені хабарланды. Алайда қарашаның басында Gunvor өз ұсыныстарынан бас тартты. Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі Gunvor-дың Ресеймен байланысы барын айтып, Украинадағы соғыс аяқталғанға дейін компанияға бизнес жүргізу лицензиясын беруден бас тартқан.

Қараша айында АҚШ Қаржы министрлігі Қазақстандағы жобаларға — Карашығанақ, Теңіз және Каспий құбыр консорциумына «Лукойл» және «Роснефть» компанияларымен операция жасауға рұқсат берді. Дегенмен ресейлік компанияларға Қазақстандағы кен орындарын игеретін компаниялар мен КТК-дағы үлестерін сатуы шектелген.

«Лукойлдың» шетелдік активтерін сатып алу мүмкіндіктерін АҚШ-тың Chevron және Carlyle компаниялары қарастырып келген. Сонымен қатар, Exxon Mobil Қазақстандағы «Лукойл» активтерін сатып алу нұсқаларын зерттеген.

Өткен жылдың қазанында энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов үкіметтегі брифингте «Қазақстанда «Лукойл» активтерін сатып алу мәселесі министрлік деңгейінде әлі қаралмаған» деп айтқан еді. Ал министр Ерлан Ақкенжановтың мәліметінше, Қазақстан мүмкін болатын сатып алуды келісу үшін ресми хатты OFAC-қа жолдаған.

«Лукойл» Еуропада үш мұнай өңдеу зауытына, Қазақстан, Өзбекстан, Ирак, Мексика, Гана, Египет және Нигериядағы мұнай кен орындарындағы үлестерге, сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінде, оның ішінде АҚШ-тағы жүздеген жанармай құю станцияларына ие.

Қазақстандағы активтері мыналарды қамтиды:

  • Kalamkas-Khazar Operating – 50%
  • Аль-Фараби Operating – 49,9%
  • Karachaganak Petroleum Operating B.V. – 13,5%
  • Каспий құбыр консорциумы – 12,5%
  • Теңізшевройл – 5%
Серіктес жаңалықтары