Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласының бюджет қаражаттары мен активтерін пайдалану тиімділігін тексеріп, қорытындысын жариялады. Аудиторлардың хабарлауынша, қаланың экономикасы әлі де негізінен сауда және қызмет көрсету саласына бағытталған, ал өндірістік және инновациялық секторлар баяу дамып, қаланың өсу қарқынын тежеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Тексеру барысында жоспарлау, басқару және бақылау жүйесінде кемшіліктер мен жекелеген бұзушылықтар анықталған.
Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да сұрақтар көп: 2022–2025 жылдары тасымалдаушыларға негізсіз 2,3 млрд теңге субсидия төленген.
Сонымен қатар, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі де тиімсіз деп бағаланды. Тұрғын үй құрылысына арналған шамамен 30 млрд теңге бюджеттік инвестиция үш жыл бойы толық игерілмеген күйінде қалған.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары да жеткілікті деңгейде орындалмаған, бюджеттік кредиттер тиімді пайдаланылмаған.
«Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның 26 млрд теңгеден астамы өтелді, есепке алу және жұмыстарды орындау арқылы 83 млрд теңге қалпына келтірілді», – деді аудиторлық палата есебінде.
Қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 417 факт уәкілетті органдарға жолданған.