Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту тәсілін өзгерту қажет. Қолданыстағы модель сақталса, ел халықаралық капитал үшін бәсекеде ұтылып қалуы мүмкін. Мұндай қорытындыға қаржылық сарапшылар келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Инвестициялар кері қайтып жатыр
Halyk Finance талдау орталығының жаңа шолуында 2018 жылдан бері Қазақстанда тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) таза кетуі тіркеліп келе жатқаны айтылған. Бұл – шетелдік инвесторлар қазақстандық компаниялардың жарғылық капиталының кемінде 10 пайызына ие болатын инвестициялар санаты.
Қаржыгерлер Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып, Covid-19 пандемиясынан кейін инвесторлар өндірістік активтерден шығып, капиталды көбіне бизнес-қызметтерге, ақпараттық технологияларға және маркетинг саласына бағыттай бастағанын атап өтеді. Осы өзгерістерді Қазақстанның инвестициялық саясатын әзірлеу кезінде ескеру қажет, өйткені шикізат секторының өзі шетелдік компаниялар үшін бұрынғыдай тартымды емес.
— Қазақстанға тән негізгі сипаттамалардың бірі – қайта инвестициялауды есепке алмағанда, тікелей шетелдік инвестициялардың теріс таза ағыны. 2018 жылдан бері елге келетін жаңа инвестициялардан кететін қаржы көлемі көп болып отыр. Бұған ірі әрі инвесторлар үшін қызықты жобалардың аздығы және экономиканың шикізат секторына тәуелділігі себеп, — делінген шолуда.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы өңдеуші өнеркәсіптің өзі көбіне шикізаттық сипатқа ие, себебі жобалардың басым бөлігі пайдалы қазбаларды бастапқы өңдеумен ғана шектеледі және жоғары қосылған құн қалыптастырмайды. Осы себепті шетелдік капиталды қайтару үшін елге инвестиция тартудың жаңа моделін әзірлеу қажет, ал басымдық шикізаттық емес салаларға берілуі тиіс.
Тұжырымдама бар, бірақ айқындық жоқ
Сарапшылардың дерегінше, Қазақстан сегізінші жыл қатарынан тікелей шетелдік инвестициялардың таза кетуімен бетпе-бет келіп отыр. Тек 2016 және 2022 жылдары Теңіз бен Қашағандағы ірі жобаларға байланысты уақытша өсім байқалған. Алайда жалпы динамика оң емес.
Соған қарамастан, өткен жылдың соңында қабылданған жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасында қайтадан «валдық ТШИ ағыны» негізгі көрсеткіш ретінде көрсетілген. Сарапшылар бұл индикатор елге нақты жаңа капиталдың келуін көрсетпейді әрі құжаттағы өзге көрсеткіштерге қайшы келеді деп санайды.
— Жоспар бойынша 2025 жылы валдық ТШИ көлемі 25,1 млрд доллар, ал 2030 жылы 25,9 млрд доллар болуы тиіс. Яғни бес жылдағы өсім небәрі 3,2 пайызды құрайды. Сонымен бірге таза ТШИ жыл сайын ЖІӨ-нің 2 пайызы деңгейінде болады деп жоспарланған. Ал үкімет алдағы бес жылда ЖІӨ-нің жыл сайын кемінде 5 пайыз өсетінін болжап отыр. Бұл жағдайда таза инвестициялар өсімі валдық инвестициядан бірнеше есе жоғары болып шығады, яғни екі көрсеткіш бір-біріне сәйкес келмейді, — деп атап өтті Halyk Finance сарапшылары.
Жоспар орындалмай жатыр
Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылға белгіленген көрсеткіштердің өзі орындалмауы мүмкін. Өткен жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстан 14,9 млрд доллар валдық тікелей инвестиция ғана тартқан. Ал жоспар 25,1 млрд доллар болған. Таза ТШИ көлемі бар-жоғы 1,2 млрд долларды құраған.
— 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасында 2018 жылдан бері нәтиже бермеген бұрынғы шаралар қайтадан қайталанған. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция тартудың мүлде жаңа моделін қалыптастыру қажет. Ол жоғары қосылған құн қалыптастыратын, шикізаттық емес салаларға бағытталуы тиіс, — деп қорытындылады сарапшылар.
Қаржыгерлердің ескертуінше, егер бұл бағытта нақты өзгеріс болмаса, Қазақстан халықаралық капитал үшін күресте экономиканы әртараптандыруды белсенді жүргізіп отырған өзге мемлекеттерге жол беруі мүмкін.