Украина президенті энергетика нысандарына соққы беруді тоқтату жөнінде Ресеймен келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен ішінара бітім жасалғанын жариялады. Оның айтуынша, тараптар 2026 жылғы 30 қаңтарда энергетика саласына қатысты уақытша бітім туралы келісімге келген. Мемлекет басшысы бұл уағдаластық Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен келіссөздер барысында жасалғанын нақтылады.
БАӘ-дегі келіссөздер
Зеленский Киев пен Мәскеу энергетикалық инфрақұрылымға соққы беруден уақытша бас тартуға келіскенін растады. Әңгіме аяз кезеңінде әрекет етуі тиіс «энергетикалық бітім» туралы болып отыр. Украина көшбасшысының айтуынша, келісімге қол жеткізуде АҚШ-тың араағайындық күш-жігері шешуші рөл атқарған.
Зеленскийдің мәлімдемесі
Бұған дейін Украина президенті Telegram-арнасында жазба жариялап, АҚШ-қа алғыс білдірген:
- Энергетикаға жасалатын соққыларды тоқтату жолындағы күш-жігері үшін Америкаға рақмет. Біз Америка Құрама Штаттары бұған қол жеткізе алады деп үміттенеміз. Бүгін АҚШ президентінің мәлімдемесі болады. Бүгін кешке және алдағы күндері жағдай — біздің энергия нысандарымыздағы және қалаларымыздағы нақты ахуал — істің қалай өрбитінін көрсетеді.
Ол алдағы күндер тараптардың қол жеткізілген келісімді қаншалықты сақтайтынын айқындайтынын атап өтті. Владимир Зеленскийдің айтуынша, бұл келісім ішінара сипатқа ие және ең алдымен энергетикалық инфрақұрылымға қатысты. Киев соққыларға берілген үзіліс экстремалды температура жағдайында ахуалды тұрақтандырып, елдің энергожүйесіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.