Қазақстанда заң талаптарын бұзғаны үшін 400-ге жуық медициналық ұйым қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, 2025 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде шамамен 400 субъект қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Жалпы 70 млн теңгеге айыппұл салынған. Биыл алғаш рет жедел шаралар қолданылып, бірқатар нысанның қызметі уақытша тоқтатылған.
Негізгі назар процедуралық кабинеттерге, наркологиялық орталықтарға және стоматологиялық клиникаларға аударылған. Атап айтқанда, процедуралық кабинеттердің 20,5%-ы лицензиясыз, ал наркологиялық орталықтардың 36%-ы рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені анықталған. Көптеген нысан түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін өз еркімен қызметін тоқтатқан.
ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР
Тексеру барысында ең жиі тіркелген заңбұзушылықтар мыналар болды:
— лицензиясыз қызмет – 179 хаттама, айыппұл сомасы 3,9 млн теңге;
— фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу – 85 хаттама, 19,5 млн теңге.
Сондай-ақ біліктілік талаптарына сай келмеу (82 хаттама), медициналық көмектің стандарттарын өрескел бұзу (73 хаттама), тіркелмеген дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды қолдану (16 хаттама) деректері анықталған.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылы жеке медициналық ұйымдарға бақылау одан әрі күшейтіледі. Атап айтқанда, ТМККК және МӘМС аясында кешенді тексерулер жүргізу, лицензиялардың 5 жылдық мерзімін енгізу және стандарттарға сәйкестігін қайта бағалау, лицензиядан кейінгі бақылауды цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект элементтері бар тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.