×
498.65
589.06
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.65
589.06
6.49

Қазақстанға Юань не үшін керек?

Бүгін, 10:15
Қазақстанға Юань не үшін керек?
Ulysmedia.kz коллажы

Тікелей шетелдік инвестициялар мемлекеттік бюджетке қаржы құю ғана емес, сонымен қатар елімізге өзге жұрттың тек шикізат көзі ретінде қарауына себеп болады. Бұған қоса, бір-бірімен тізбектеліп кете беретін экологиялық проблемалар қаупі де жоқ емес. Міне, Қазақстанның негізгі мұнай кен орындарын игеріп отырған алпауыт инвесторлармен арадағы ұзаққа созылған даулар осы жайтты аңғартты. Соған қарамастан, билік шетелдік инвесторлардың маңыздылығына әлі де сенеді, оларға «алтын виза», сервистік қолдау және қазақы қонақжайлықтың өзге де атрибуттарын ұсынуға дайын. Алайда осының бәрі бізге нақты не береді? Тікелей шетелдік инвестиция үшін жарыста жаңа мәселелерге тап болмаймыз ба? Ulysmedia.kz талдап көрді.

Перспектива бар, тәуекел де жоғары

Формалды түрде болса да, Қызылорда облысында өндірілуі күрделі  газ кен орнын игеру жобасы іске қосылды. Инвестор – басында қытайлық компания тұрған халықаралық консорциум. Ол жобаға 7,8 млрд доллар инвестиция салуды және осындай газды өндіру технологиясымен бөлісуді уәде етіп отыр. Логикаға салсақ, бұл Қазақстан үшін пайдалы болуы тиіс. Өйткені бізде мұндай кен орындары біреу ғана емес, оларды қалай пайдалану керектігін қазірден ойластырған жөн. Алайда қуанышпен қатар күмән де бар. Себебі қытайлық инвесторлар газды неге дәл біздің елде өндіруге құлшынып отыр?

Өз кезегінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов мұны былай түсіндіреді: біріншіден, кен орны Қызылорда облысындағы елді мекендерден алыс орналасқан, екіншіден, жоба жаңа жұмыс орындарын және болашақта өндірістерді қалыптастыруды көздейді. Ол сондай-ақ Қазақстан бұл жобаның өзіне бір доллар да салмайтынын, тек инвестор үшін қолайлы жағдай жасайтынын ерекше атап өтеді. Жалпы алғанда, мұның бәрі 90-жылдары Қазақстанның мұнай саласына халықаралық консорциумдардың қалай келгенін еске салады. Сол келісімдерді біз әлі күнге дейін қайта қарай алмай отырмыз, ал кен орындарының елді мекендерден шалғай орналасқанына қарамастан, халық мұнай өңдеуге байланысты экологиялық проблемалардың зардабын тартып келеді.

Олардың тәбеті мен біздің заңдар

Сұлтанғали Кенжеқұлов мұндай скептицизммен келіспейді.

– Мен сізге Қытайды жақсы білетін, өмірінің жартысын сол елде өткізген маман ретінде айтайын: ол жақта Компартия ешкімге заңды оңды-солды бұзуға жол бермейді. Олар қай елге барса да, сол елдің заңын бұзбайды. Мұны интернеттен де тексеруге болады. Саяси әдептілік үшін басқа шетелдіктер жайлы айтпай-ақ қояйын, – дейді Kazakh Invest басшысы.

Инвестиция саласындағы көптеген сарапшы экологияны сақтау, кен орындарынан түсетін табысты әділ бөлу, технология трансферті секілді ықтимал артықшылықтардың бәрі, ең алдымен, қазақстандық тараптың жауапкершілігі екенін айтады. Кез келген инвестордың басты мақсаты – барынша көп пайда табу және жергілікті халықпен «бөлісуді» қаламауы заңды. 90-жылдары біз тәжірибесіз едік, ал кейбіреулер, кейінгі халықаралық зерттеулер көрсеткендей, елден гөрі ақшаны көбірек жақсы көрді. Мұнай саласындағы ӨБК келісімдері солай пайда болды. Қазір тәжірибеміз де молырақ. Патриоттар да көбейген болар деп үміттенеміз. Сондықтан мұндай келісімдер енді қайталанбайды.

Географияны елемеуге болмайды

Сонымен қатар Кенжеқұловтың айтуынша, бүгінде Қытай – Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі. Елге салынған инвестиция көлемі бойынша ҚХР төртінші орында тұр. Қытай компаниялары Қазақстанға 25 млрд доллардан астам қаржы салған, қазір құны 100 млрд доллардан асатын 250 қазақстан-қытай бірлескен жобасы әртүрлі деңгейде іске асырылып жатыр. Ал болашақта бұл көрсеткіш одан да артады.

– Қазақстан әлемдегі ең ірі нарықтардың бірімен, бірінші экономикамен көрші болудың мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Біз осы мүмкіндікті тиімді қолданып, қомақты табыс табуымыз керек. Қазақстандық кәсіпкерлердің басым бөлігі Қытаймен жұмыс істеуге өте ынталы. Себебі бұл – үлкен мүмкіндік, ең ірі өткізу нарығы, – дейді ол.

Үміт пен уәде

Айтпауға болмайтын бір жайт бар: Қытай Қазақстаннан болат пен өзге де шикізатты сатып алып, бізге өңделген тауарларды сатады. Мұны Kazakh Invest те жоққа шығармайды.

– Иә, біз шикізат сатамыз, олар бізге өңделген өнім сатады. Бірақ қалай болғанда да, біз бұдан табыс тауып отырмыз. Ал егер біздің шикізатты ешкім сатып алмаса ше? – деп уәж айтады Кенжеқұлов.

Оның айтуынша, бүгінде барлық мемлекеттік органның алдында тұрған басты міндет – осы модельді біртіндеп өзгертіп, инвесторларды Қазақстан аумағында өңдеуші өнеркәсіп орындарын салуға көндіру.

– Бірінші бағыт – кез келген саладағы өңдеу. Өнеркәсіп, импортты алмастыру. Біз көп импорттайтын тауарлар бар, инвесторларды дәл сол бағыттарға таргеттеп отырмыз. Мысалы, қант. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз, алдағы жылдары бірнеше қант зауытын саламыз, – деп уәде берді ол.

Екінші бағыт – қосылған құны жоғары, экспортқа бағытталған өнімдер. АӨК, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, әрлеу және құрылыс материалдары, бояулар, химия. Мұндай салаларда көп адам жұмыспен қамтылады, экспорт болады, валюта түсімі артады, – дейді ол. 

Логистика мен транзитке де айрықша көңіл бөлініп отыр. Инвесторларға қоймаға сақтау, қайта тиеу және ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салу ұсынылады. Қазақстанда «ең қалаулы» инвесторлардың арнайы тізімі жоқ, ел кез келген мемлекетпен жұмыс істеуге дайын, ал инвесторларға бизнеске де, жеке өміріне де қатысты кең көлемде преференциялар беріледі. Соның нәтижесінде 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі күрт төмендеді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш қайта өсе бастады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда шетелдік инвестицияның жаңа легі басталды. Ендігі басты міндет – сол инвестициялардың ел экономикасына нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Серіктес жаңалықтары