Мемлекеттік айыптаушы Қазақстаннан барған студент Гарри Азарянды «терроризмді ақтау» ісі бойынша үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Істі Бірінші Батыс округтік әскери сот қарап жатыр. «Медиазона» басылымының мәліметінше, Азарян өз кінәсін мойындап, істі ерекше тәртіппен қарауды сұраған. Бұл өтініш қанағаттандырылған. Үкім бүгін, 11 ақпанда жарияланады.
ҰСТАУ
Еске салайық, 23 жастағы Гарри Азарян былтыр мамыр айында Санкт-Петербургте ұсталған. Тергеу комитетінің хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында «Рабочая власть» ұйымының жиындарында ұсталған азамат «террористік әрекеттерді ақтайтын ұрандарды жария түрде айтқан». Тінту барысында одан «үгіт-насихат материалдары» тәркіленген.
ТЕРГЕУ
Бұған дейін «Ротонда» басылымы қылмыстық іс материалдарында Азарянның студенттердің бейресми жиналыстарының бірінде сөйлеген сөзінің стенограммасы бар екенін жазған. Онда ол «революция, таптық өшпенділік және көшенің күші» туралы айтқан. Тергеушілер мұны мемлекеттік құрылысты күшпен өзгертуге және билікті ауыстыруға шақыру ретінде бағалаған. Қауымдастық мүшелері бұл кездесулерге арандатушы қатысқан деп есептейді.