×
494.28
587.06
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.28
587.06
6.4

Белсенді Ерғали Құлбаев 4 жылға сотталды

Бүгін, 10:32
Белсенді Ерғали Құлбаев 4 жылға сотталды
Ерғали Құлбаев. Шымкенттегі сот, 2022 жыл. Фото: Азаттық радиосы

Қызылорда облысында белсенді Ерғали Құлбаев 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

12 ақпанда Қызылорда облысының Қазалы аудандық соты белсенді Ерғали Құлбаевты 4 жылға бас бостандығынан айырды. Оған «Бопсалау» бабы бойынша айып тағылған.

Құлбаевпен бірге дәл осы баппен тағы бір белсенді Ақлима Ертайқызы да 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ оның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот жазасын өтеуді бес жылға шегерген.

Сот құжаттарына қарағанда, қылмыстық істің қозғалуына былтыр жазда Қазалы ауданы әкімін сайлау кезінде болған оқиға негіз болған.

Дауыс беру кезінде тәуелсіз бақылаушы ретінде сайлау учаскелерін аралаған Құлбаев пен Ертайқызы науқан барысында орын алған кемшіліктер жөнінде ішкі істер бөліміне шағым түсірген.

Іс материалдарында айыпталушылар анықталған заңбұзушылықтарды әлеуметтік желіге жариялап, ел алдында әшкерелейміз деп қорқытпақ болған. Құжатта сайлау комиссиясының төрағасы орын алған жағдай үшін кешірім сұраған сәтте А. Ертайқызы жол шығынын меңзеген ишара жасап, бес саусағын көрсеткен. «Бесеу дегеніңіз елу мың теңге ме?» деген сауалға ол «Елу мың теңге деген не болады, бес жүз мың теңге» деп, талабын күшейте түскені көрсетілген.

Сот деректеріне қарағанда, осы оқиғадан кейін олардың есепшоттарына үш жүз мың теңге аударылған.

Сотта Ерғали Құлбаев тағылған айыппен келіспеген. Ал Ақлима Ертайқызы өзінің істегенін мойындаған. Ол ақша бойынша келісім жасасқан кезде Ерғали Құлбаевпен уағдаластық жасамағанын, оның бұған мүлде қатысы жоғын айтқан.

«Сотта араларында байланыс жоқтығын, жәбірленушіге Құлбаевтың мүліктік талап қоймағанын алға тарттық. Жәбірленушінің өзі де "Құлбаевты көрген жоқпын" дейді. Қылмыс болған кезде ол болмаған сол жерде. Араларында уағдаластық жоқ деп айтқан едік. Ең соңында үкімді түсіндірген судья "Ақлима "біз" деп көпше түрде сөйлеп отыр, сол себепті ол кінәлі" деді. Басқа басқа. Сарапшы деректерін жазбаған, ғылыми сұрақтар шешілмей қалған. Сараптамаға баға берілмей қалған. Сондай шикіліктері бар. Мен енді ақтамаса да, шектеу жазасын береді деп ойлағанмын. Сүйтсем, түрме жазасы деп отыр...Бұл іс республикалың деңгейге жетсе, масқара болайын деп тұр», – деген адвокат Темірлан Ахметов Азаттық радиосына.

Ерғали Құлбаев – азаматтық белсенді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздікке қатысты және халықты өзіне қосылуға шақырды» деген айыппен 4 жылға бостандығы шектелген. Қаңтар оқиғасына дейін де азаматтық белсенділігімен көзге түскен ол бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Серіктес жаңалықтары