Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы қалалық штабының ашылуы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
5 партия, 300-ден астам ұйым жалпыұлттық коалицияға бірікті
Шараға еліміздің жетекші қоғамдық-саяси қауымдастық өкілдері қатысты. Қалалық коалицияға әртүрлі жастағы түрлі саланың 200-ге жуық өкілі қосылған. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, заңгерлер, депутаттар, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, белсенді жастар, педагогтар, сонымен қатар Қазақстан халық партиясы, «Respublica», «Ауыл», «Ақ жол» партияларының жетекшілері мен өкілдері бар.

Қалалық штаб төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, рефрендум жарияланбай тұрып, тікелей эфирде өткен Конституциялық кеңес отырыстарында талқыланған кейбір мәселелерді халыққа дұрыс жеткізбей, бұрмалап жіберген сәттер бар. Сондықтан, алдағы уақытта штаб мүшелері сондай олқылықтарды түзеп, халыққа Конституцияны дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.

- Бес партия, түрлі салалардағы белсенділер, ұстаз, медицина қызметкерлері, заңгерлер және т.б. сала қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын 300-ден астам ұйым біздің коалицияға бірікті. Олар президенттік реформаны, жаңа Конституцияны халыққа дұрыс түсіндіру жұмысын жүргізеді. Штабта екі жұмыс жүргізіледі. Халықпен кездесіп, түсіндіру және ақпараттық жұмыс атқарылады. Кәсіпорындарда, ашық алаңдарда, бүкіл бизнес және барлық салада 1130 шара өткізіп, Астана бойынша 750 мың адамды қамтимыз деген жоспарымыз бар, - дейді ол.
Халық қалалық коалицияға арыз-шағым жолдай алады
Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабына кез келген елордалық келіп арыз-шағым, ұсынысын жолдай алады. Келуде де, электрондық пошта арқылы да жолдауға болады. Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабында көпшілікке кеңес беретін мамандар бар. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын медиабөлім халыққа жеткізіп отырады.

КОНТЕКСТ
Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. ОСК бекіткен күнтізбеге сәйкес, үгіт-насихат науқаны үш күнге созылады. 14 наурыз — тыныштық күні, 15 наурыз — дауыс беру күні. Дауыс беру қорытындылары 21 наурыздан кешіктірмей ресми түрде жарияланады.