Желіде «антикоршы Нұрбол» - Нұрбол Кәрімов бостандыққа шыққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бір күн бұрын TikTok-та жарияланған видеода “Нұрбол антикор” бостандыққа шыққаны жазылған.

РЕСМИ ЖАУАП
Бұл жаңалықтың мән-жайын білу мақсатында қылмыстық атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдадық. Комитет өкілдері бұл жалған ақпарат екенін хабарлады.
- Бұл сотталған адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр. Өкінішке қарай, біз оның жазасын қай мекемеде өтеп жатқаны туралы ақпаратты тарата алмаймыз. Бұл ақпарат тек жақын туыстарына ғана беріледі, - дейді комитет өкілдері Ұлысқа.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Нұрбол бостандыққа сұранған болатын. Тараз қаласының №2 соты БАҚ-та "Нурбол с ксивой" атанған Нұрбол Кәрімовтің жазаны жеңілдету жөніндегі өтінішін қарады. Ол түзету мекемесіндегі жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастыруды сұраған. Сот жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдетуге тек сотталушының толық түзеліп, қоғамға қауіп төндірмейтінін дәлелдейтін негіздер болғанда ғана рұқсат берілетінін атап өтті.
КОНТЕКСТ
Нұрбол Кәрімов Алматы облысының тумасы, жоғары білімді, бұрын сотталмаған. 2022 жылғы 9 қарашада Ақтау қалалық сотының үкімімен бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ оған өмір бойына белгілі бір қызмет атқаруға тыйым салынған.