×
491.97
583.77
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.97
583.77
6.39

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі Франциядағы элиталық пәтерлер сатылымға шығарылды

Бүгін, 18:02
Қайрат Сатыбалдыға тиесілі Франциядағы элиталық пәтерлер сатылымға шығарылды
Ulysmedia.kz коллажы

Францияның оңтүстігіндегі Антиб мүйісінде орналасқан элиталық Parc du Cap тұрғын үй кешенінен пәтерлер сатылымға қойылды. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, бұл нысандар Қазақстан билігі тәркілеген активтерге толық сәйкес келеді. Әңгіме экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның үш жұбайына тиесілі болған мүлік туралы болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Маңызды деректер

“Выход к морю” телеграм арнасының мәліметінше, пәтерлерді сату туралы хабарландырулар шетелдік жылжымайтын мүлікке арналған Prian агенттігінің сайтында жарияланған. Сатылымда тұрған төрт пәтердің жоспарлануы мен орналасуы Қайрат Сатыбалды және оның жұбайлары — Саида Қанатбекқызы, Әсел Бахтиярқызы мен Гүлмира Қауасқызына тиесілі болған активтерге дәл келеді.

Аталған пәтерлер KS Propriete, SK Propriete, AB Propriete және GK Propriete атты төрт компанияның атына рәсімделген. Бұл заңды тұлғалар Монакода тіркелгендіктен, қазіргі нақты иесін ашық дереккөздер арқылы анықтау мүмкін емес. Дегенмен активтер Қазақстан пайдасына тәркіленгенін ескерсек, оларды басқару құқығы Компания по управлению возвращёнными активами қарамағына өткен болуы ықтимал.

Франциядағы бұл жылжымайтын мүліктің жалпы құны шамамен 8,7 млн еуро. Сатылымнан түскен қаражат Қазақстан бюджетіне аударылуы тиіс.

Пәтерлер қандай?

Барлық пәтерлер бір стильде, артық сән-салтанатсыз жасалған. Әрқайсысында:

  • жеке жуынатын бөлмесі бар үш жатын бөлме;

  • қонақ бөлме;

  • ас үй;

  • балкон бар.

Пәтерлер толық жиһаздалған. Кешенде күзет, жерасты паркингі, фитнес залы, SPA, сауна, бассейн және теңізге көрініс қарастырылған.

Активтер Қазақстанда да сатылып жатыр

Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүлік тек Францияда емес, Қазақстанда да сатылымға шығарылуда. Сәуір айының басында Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы аукционға қойылмақ. Бастапқы бағасы — 62 млрд теңгеге жуық.

Сондай-ақ DoubleTree by Hilton қонақүйі мен «Байсат» базарын сату жоспарланған. «Байсат» базарынан шамамен 4 млрд теңге түсіру көзделіп отыр.

Тәркіленген активтердің бір бөлігі мемлекеттік мекемелерге берілді: Алматыдағы бірнеше бизнес-орталыққа ғылыми және білім беру ұйымдары орналастырылған, ал аяқталмаған қонақүй сот әкімшілігі департаментіне өткен.

Контекст

Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың қыркүйегінде ірі көлемдегі ұрлық бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған. 2024 жылы жаза бостандығын шектеумен ауыстырылды. Сол уақытқа дейін ол мемлекет бақылауына 732,8 млрд теңге (шамамен $1,5 млрд) көлеміндегі активтерді өткізген.

Серіктес жаңалықтары